Биыл 11 айда мемлекеттік бюджет кірістері 21,9 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.
Жалпы алғанда нәтижелер бюджет жүйесінің орнықтылығын, сыртқы факторлардың қысымы мен әлемдік экономиканың тұрақсыздығына қарамастан мемлекет барлық міндеттемесін қамтамасыз етуге қабілеттілігін көрсетіп отыр. Мемлекеттік бюджет кірістері 21,9 трлн теңгені немесе жоспарға 100,1 пайызды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,9 трлн теңге өсім көрсетті. Республикалық бюджет кірістері 13,6 трлн теңгеге жетіп, өсім 1,8 трлн теңгені құрады, 98 пайыз атқарылды, - деді министр.
Оның айтуынша, жергілікті бюджет түсімдердің тұрақты серпінін қамтамасыз етті. 11 айда 384 млрд теңгеден асыра орындалып, 8,2 трлн теңге болды.
- Әлемдік мұнай бағасының өткен жылмен салыстырғанда 12 АҚШ долларына және болжамды деңгейден 5,4 долларға төмендеуі, экспорттың 3,8 пайызға қысқаруы ірі кәсіпорындардан түсетін салық түсімдерінің 37 пайызға азаюына әкеп соқты. Осы сыртқы факторларға қарамастан, кірістер параметрінің тұрақтылығы сақталуда және атқарылуын болжауға мүмкіндік береді.
Осылайша барлық мемлекеттік міндеттемелер — әлеуметтік төлемдер, жалақылар, өңірлерге трансферттер, даму бағдарламалары атқарылатын болады, - деді Мәди Тәкиев.