Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар таратқаны үшін заңмен қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертті, деп хабарлайды Malim.kz.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес мұндай әрекеттер қылмыстық құқықбұзушылық ретінде бағаланады.
Кейінгі уақытта байланыс құралдары, интернет-ресурстар, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жарылғыш зат қойылғаны немесе қоғамдық қауіпсіздікке қатер төнгені туралы жалған ақпарат тарату жағдайлары тіркеліп отыр.
ІІМ атап өткендей, мұндай хабарламалар қалжың ретінде жасалса да, олардың салдары өте ауыр болуы мүмкін. Олар жаппай эвакуацияға, мемлекеттік және әлеуметтік нысандар жұмысының тоқтауына, сондай-ақ шұғыл қызметтердің күш-құралдарын тартуға әкеледі.
Заңнамаға сәйкес, терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратқандарға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған. Барлық мұндай деректер міндетті түрде тексеріледі, ал кінәлі тұлғалар заманауи техникалық құралдардың көмегімен анықталады.
Осыған байланысты полиция азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға, жалған хабарламалар жібермеуге және балаларға мұндай әрекеттердің заң алдындағы жауапкершілігі бар екенін түсіндіруге шақырды. Күдікті немесе қауіп төндіретін хабарламалар анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабар беру қажеттігі ескертілді.