Түркістан облысының Кентау қаласында аулалардың бірінен жаңа туған нәрестенің мүрдесі табылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазір сәбидің анасын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Полиция таратқан фотосуретте сәбидің денесі қоқыс жәшігінің жанында жатқанын көруге болады.
«Полицейлер аулааралық аумақтарды аралап, бейнебақылау жазбаларын қарап, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарымен және куәгерлермен сұхбаттасып жатыр», — деп мәлімдеді Түркістан облысы ПД.
Ведомствоның хабарлауынша, медициналық мекемелер де кешенді тексерістен өтуде.
Оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысына сәйкес заң аясында тиісті шешім қабылданады.
«Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды», — деп хабарлады полиция департаменті.