freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Көкшетауда әйел қаза тапқан аула тұрғындары билікке талап қойды

Оқиға
Көкшетауда әйел қаза тапқан аула тұрғындары билікке талап қойды
Видеодан кадр

Көкшетаудағы Сарыарқа шағын ауданында әйел адамды көлік қағып, мерт қылғаннан кейін тұрғындар ауладағы қауіпсіздік мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, үш үйге ортақ аулаға кіретін бір ғана жол бар, ал барлық көлік күн сайын сол жерден өтеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Тұрғындар бұған дейін де жол мәселесін шешуді, аулаға жасанды кедергілер орнатуды және екінші кіреберісті ашуды сұрағанын айтады.

«Өте қайғылы, сұмдық жағдай болды. Күндіз көз алдымызда адамды қағып кетті. Біз, осы үйдің тұрғындары, ештеңеден қорғалмағанбыз. Себебі бүкіл көлік ағыны бір ғана кіреберіс арқылы өтеді. Балаларымыз аулада ойнайды, жанында ойын алаңы бар, бірақ қауіпсіздік жоқ. Бүгінгі жағдай – соңғы тамшы болды. Бұған дейін де апаттар болған, бірақ адам өлімі болған жоқ. Енді бір бала анасынан айырылды. Бұдан кейін қалай үнсіз қаламыз?» –  дейді тұрғындардың бірі.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, олар бұған дейін ТКШ бөліміне де, әкімдікке де жүгінген. Алайда мәселе шешілмеген. Олардың айтуынша, жоба бойынша шағын ауданда екінші кіреберіс болуы тиіс еді, бірақ кейін ол жабылып қалған.

«Жанымызда балабақша да бар. Көліктердің бәрі бір жерден қатты жылдамдықпен өтеді. Бүгін дәл сол жалғыз кіреберісте адам қаза тапты. Ал аулада тағы бір төтенше жағдай болса ше? Жедел жәрдем қалай кіреді?» –  деп ашынды тұрғындар.

Әлеуметтік желі қолданушылары да көпқабатты үйлердің аулалары соңғы жылдары қауіпті аймаққа айналғанын жазып жатыр.

«Көпқабатты үйлердің аулалары бұрыннан қауіпті болып кетті. Барлық жерде көлік тұр, жаяу жүретін жер жоқ. Курьерлер мен жүргізушілер кейде аулада жолдағыдай зулап жүреді», – деп пікір қалдырған желі қолданушылары.

Айта кетейік, 9 мамыр күні Көкшетауда үй ауласында әйел адам көлік астына түсіп, көз жұмды. Марқұм 12 жастағы қызын жалғыз тәрбиелеп отырғаны белгілі болды. Полиция қылмыстық іс қозғап, жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтап жатыр.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу