freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Конституциялық реформа және Қазақстан экономикасының институционалдық трансформациясы

Қоғам
Конституциялық реформа және Қазақстан экономикасының институционалдық трансформациясы

Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар елдің экономикалық дамуына институционалдық жаңа серпін беріп отыр. Ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі мақсаты - мемлекеттік басқаруды жаңғырту арқылы экономиканың тұрақтылығын арттыру және оның тиімділігін жүйелі түрде қамтамасыз ету. Бұл пікірді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Басқару және бизнес» жоғары мектебінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Марат Сейдахметов білдірді.

Профессордың айтуынша, конституциялық реформалардың экономикалық әсері бірқатар бағыттар бойынша көрінеді. Біріншіден, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктердің қайта теңгерілуі экономикалық шешімдер қабылдау процесін демократияландырып, бюджеттік саясаттың ашықтығын күшейтеді.

«Парламенттік бақылаудың артуы мемлекеттік шығыстардың тиімділігін қамтамасыз етеді және квазимемлекеттік сектордағы қаржылық тәртіпті нығайтады», -

дейді Марат Сейдахметов.
Осы өзгеріс мемлекеттік басқарудың есеп берушілігін арттыра отырып, экономикалық шешімдердің болжамдылығын қамтамасыз етеді. Екіншіден, конституциялық деңгейде әділеттілік пен заң үстемдігінің бекітілуі нарықтық бәсекенің дамуына институционалдық кепіл болады.

«Монополияларды шектеу, нарықтық тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және меншік құқығын қорғау - экономиканың құрылымдық әртараптануының басты шарттары. Конституциялық өзгерістер әлеуметтік мемлекетті нығайтып, бюджеттік шығыстардың тиімділігін және адами капиталға (білім, ғылым, денсаулық) салынатын инвестицияларды ұлғайтуға негіз қалайды», -

деп атап өтті профессор.

Үшіншіден, сот жүйесінің тәуелсіздігін арттыру инвестициялық климатқа тікелей ықпал етеді.

«Инвесторлар үшін құқықтық тұрақтылық пен болжамдылықтың артуы ұзақ мерзімді капитал салымдарын ынталандырып, өндірістік және инновациялық жобалардың көбеюіне жол ашады» ,-

дейді профессор.


Сот жүйесінің тәуелсіздігі мен меншік құқығын қорғаудың күшеюі ішкі және шетелдік инвесторлардың сенімін арттырып, экономикалық дамудың ұзақ мерзімді перспективаларын қамтамасыз етеді.
 
Төртіншіден, жергілікті өзін-өзі басқару институттарының дамуы өңірлік экономиканың рөлін күшейтеді. Профессор атап өткендей, «аймақтардың қаржылық және басқарушылық дербестігінің кеңеюі жергілікті ресурстарды тиімді пайдалануға және аумақтық теңсіздікті төмендетуге мүмкіндік береді». Жергілікті өзін-өзі басқарудың күшеюі өңірлердің қаржылық дербестігін арттырып, экономикалық бастамалардың жергілікті деңгейде көбеюіне жол ашады. Бұл өз кезегінде аймақаралық теңсіздікті азайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.


Қорытындылай келе, Марат Сейдахметовтің пікірінше, конституциялық реформалар Қазақстан экономикасы үшін қысқа мерзімді конъюнктуралық шара емес, ұзақ мерзімді институционалдық жаңғырудың негізі болып табылады.

«Бұл реформалардың табысты жүзеге асуы экономикалық өсудің сапасын арттырып, инклюзивті және бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканы қалыптастыруға мүмкіндік береді», -

деп түйіндеді профессор.

Осылайша, конституциялық өзгерістер тек саяси жүйені нығайтып қана қоймай, елдің экономикалық тұрақтылығы мен ұзақ мерзімді даму стратегиясының құқықтық кепіліне айналып отыр.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу