22 желтоқсан күні Петерборда өтетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдері басшыларының бейресми саммиті Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің қатысуынсыз өтеді. Бұл туралы Azertag агенттігіне Әзербайжан президенті әкімшілігі хабарлады. DW-Неміс толқыны басылымы болса, мұның жай-жапсарына тоқталып өтіпті.
Ресми мәліметке сәйкес, мемлекет басшысы саммитке жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты бара алмайды. Әзербайжан тарапы бұл шешімді алдын ала хабарлаған.
Бұған дейін Кремль Әлиевтің Петерборға келуіне дайындалып жатқанын мәлімдеген болатын. Алайда Azertag агенттігінің хабарламасынан кейін Ресей тарапы бұл шешімге түсіністікпен қарайтынын білдірді. РИА «Новости» агенттігі Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзін келтіреді:
«Барлық мемлекет басшыларының жұмыс кестесі өте тығыз. Әсіресе желтоқсан айында, Жаңа жыл қарсаңында бұл қалыпты жағдай», –
деді ол.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы кезеңде Мәскеу мен Баку арасындағы қарым-қатынастың салқындауы да бұл шешімге әсер етуі мүмкін. Екі ел арасындағы қатынас 2024 жылдың желтоқсанында Ақтау маңында «Әзербайжан әуе жолдары» (AZAL) компаниясының ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін күрделене түсті. Ол кезде азаматтық әуе кемесі Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің әрекеті салдарынан құлағаны айтылған. Ресей әуе қорғанысы жүйесі украиндық дрондарға қарсы жұмыс істеп жатқанда, лайнер де оққа ұшқан.
2024 жылдың 9 қазанында Душанбе қаласында өткен кездесуде Ресей президенті Владимир Путин Әлиевпен жүздесіп, аталған оқиға үшін Ресейдің жауапкершілігін мойындап, ресми түрде кешірім сұраған болатын. Сондай-ақ кінәлілердің жазаланатынын мәлімдеген.
Соған қарамастан, Әзербайжан президентінің ТМД саммитіне бармауы аймақтағы саяси ахуалдың әлі де толық тұрақталмағанын көрсетеді деген пікірлер айтылып жатыр.