8 жасар қыздың өлімі. Күдікті ұсталды

Атырау облысының Құлсары қаласында 8 жасар қыздың мәйіті Құрсай өзегінен табылды. Жасөспірімнің өліміне қатысы бар күдікті ұсталып, қамауға алынды.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 8 жасар қыз 5 маусымда үйінен шығып кеткен. Құлсары қаласындағы көше камерасына ер адамның жасөспірімді ертіп бара жатқаны түскен.
Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді. Жасөспірімді өлтірді деген күдікпен Құлсары қаласының 36 жастағы тұрғыны жедел ұсталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Кейін сот санкциясымен қамауға алынды, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір аталған дерекке қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу жүргізіліп жатыр.
Елімізде мұндай ауыр қылмыс үшін ең қатаң жаза қарастырылған. Жасөспірімнің өліміне байланысты қозғалған қылмыстық істі тергеу барасы Атырау облыстық полиция департаменті бастығының ерекше бақылауына алынды, -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Фото: Malim.kz

Ең көп оқылған
