Сарапшы: «Бұған дейін елімізде жеке деректер бұлай таралған емес»

IT-технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздік саласының маманы Евгений Недельский жеке деректердің таралып кетуінен қалай қорғануға болатынын айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Кеше Қазақстанның 16 миллионнан астам тұрғынының жеке деректері тарап кетті деген ақпарат шықты. Аталған деректердің ішінде аты-жөні мен телефон нөміріне дейінгі мәліметтер болған. Бұл – жалғыз оқиға емес. Демек, Қазнет қолданушыларына қауіпсіздік шаралары туралы ойланатын уақыт жетті.
Malim.kz тілшісі IT және ақпараттық қауіпсіздік саласының маманы Евгений Недельскийден оқырмандарымызға жеке ақпаратты қалай қорғауға болатыны жайлы кеңес беруін сұрады.
Бұл оқиға – еліміз тарихындағы ең ірі деректердің таралуының бірі. Жеке деректерді қорғау – бір реттік шара емес, бұл – үнемі назарда ұсталуы тиіс процесс. Аккаунттарыңыз бен құрылғыларыңыздың қауіпсіздігін қаншалықты жиі тексеріп, күшейтіп отырсаңыз, алаяқтардың құрбаны болу қаупі соғұрлым азаяды. Телефон қоңырауы не SMS арқылы келген алғашқы ақпаратқа сене салмау керек, бәрін тексеріп отыру қажет.
Цифрлану дәуірінде өмір сүріп жатқандықтан, жеке мәліметтердің таралуы жыл сайын жиілеп келеді. Жуырда, маусым айының басында ҚР ІІМ мен ҰҚК интернетте қазақстандықтардың деректерін сатқан қылмыстық топтың жолын кесіп, шамамен 140 адамды ұстады. Жеке деректерді қорғау мәселесін Парламент депутаттары да тұрақты түрде көтеріп келеді», – дейді сарапшы.
Жеке деректерді 100% қорғаудың жолын уәкілетті органдар шешіп жатқанда, Евгений Недельский Қазнет қолданушыларына келесі ұсыныстарын береді:
1. Деректеріңіздің таралғанын тексеріңіз.
Nomad Guard сервисін немесе «eGov Mobile» қосымшасындағы баламалы қызметті қолданып көріңіз. Сонымен қатар, eGov, салық және банк жүйелеріндегі соңғы белсенділікті тексеріңіз.
2. Қолданатын мобильді қосымшалар мен сервистердің қауіпсіздігін күшейтіңіз.
Барлық әлеуметтік желі мен мемлекеттік қосымшаларда екі факторлы аутентификацияны (2FA) орнатыңыз: eGov, Enpf, Damumed, e-Salyk және т.б.
Kaspi, Halyk секілді банк қосымшаларын, WhatsApp, Telegram, Facebook сияқты жекелей байланыс арналарыңызды да ұмытпаңыз.
Күрделі әрі бірегей құпия сөздерді немесе сөз тіркестерін пайдаланыңыз – оларды пароль менеджері арқылы сақтау ұсынылады. Құрылғыларыңыздың операциялық жүйелерін соңғы нұсқасына дейін жаңартып, антивирус бағдарламаларын қолданыңыз.
3. Қоңыраулар мен SMS хабарламаларға сақ болыңыз.
ИИН, логин немесе код сұрайтын SMS пен қоңырауларға жауап бермеңіз – бұл фишинг шабуылы болуы мүмкін. Күмән туындаса, тек ресми арналар мен қосымшалар арқылы байланыс орнатыңыз (мысалы, банктердің call-орталықтары немесе ресми сайттар).
4. Банк, салық қосымшалары мен сайттар арқылы қаржылық жағдайыңызды жиі тексеріп отырыңыз.
Банктік шоттарыңызды, кредиттік тарихыңызды, eGov хабарламаларын тұрақты бақылап тұрыңыз. Кез келген күмәнді қозғалыс немесе хабарлама туралы уәкілетті органдарға дереу хабар беріңіз.
5. Егер жеке деректеріңіз өзіңізден тыс пайдаланылғанын байқасаңыз, мемлекеттік органдарға ресми сұрау жолдаңыз.
6. Цифрлық сауаттылық пен кибергигиенаны арттырыңыз.
Киберқауіпсіздіктің негізгі ережелерін үйреніңіз: күмәнді сайттар мен қосымшалардан аулақ болыңыз, күмәнді сілтемелерді баспаңыз, белгісіз көздерден бағдарламалық жасақтама орнатпаңыз.
Фото: gov.kz

Ең көп оқылған
