Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы жеңіл рельсті көлік алдағы бірнеше апта ішінде іске қосылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Тілші сауалына жауап бере отырып, Қасымбек ресми ашылуы өтетін күн әлі белгіленбегенін нақтылады. Бұл ретте іске қосу алдында шағын пресс-тур өткізу жоспарланып отыр.
"2-3 аптадан кейін іске қоса аламыз деп үміттенеміз", - деді әкім. Қала басшысының айтуынша, LRT-ның барлық сынағы сәтті өтті.
"Бүгінде барлық 18 пойыз шығып жатыр (жұмыс істеп тұр - ред. еск.). Қозғалыс аралығы аз - 3,5 минут. Жылдамдығы жоғары, кез келген басқа көлік түріне қарағанда 2 есе жылдам", - деді ол.
Сондай-ақ әкім негізгі станциялар дайын екенін айтты. Олардың қатарында "Абу-Даби Плаза", "Ботаникалық бақ", "Астана Арена", Mega, "Әуежай" және жаңа вокзал бар.
Станцияларға іргелес аумақтарды абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Қасымбектің сөзінше, жаздың соңына дейін желі бойындағы аумақты толық ретке келтіру - асфальт төсеуді аяқтау және станцияларға ыңғайлы жаяу жету жолын қамтамасыз ету жоспарланған.
Сонымен қатар әкім тұрғындардың LRT-ді қыста пайдалануға қатысты алаңдаушылығы мен инфрақұрылым бойынша ескертпелеріне түсініктеме берді. Оның айтуынша, өткен қыста желідегі қар арнайы техникасыз тазартылған, соған қарамастан жүйе штаттық режимде жұмыс істеді. Қазір мұндай техника әкелініп жатыр және келесі қысқы маусымға толық дайын болады.
Кейбір учаскеде судың жиналуы мен бояудың жарылуы туралы ескертулерге жауап бере отырып, Қасымбек жауын суын ағызу жүйесі енді ғана толық қосылып жатқанын, ал бірқатар элементті бояу жұмыстарын жылы кезде аяқтау туралы шешім қабылданғанын айтты.