Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Маңғыстауда спорт саласына бейімделген мектеп-интернат ашылды

Қоғам
Маңғыстауда спорт саласына бейімделген мектеп-интернат ашылды
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

19 желтоқсанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласында орналасқан спорт саласындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл — өңірде спорт пен білімді ұштастыратын алғашқы мамандандырылған оқу орны. Мекеме олимпиадалық спорт түрлері бойынша дарынды балаларды кәсіби даярлауға бағытталған.

Салтанатты шара барысында облыс әкімі бұл оқу орны өңірдің спорттық әлеуетін арттыруға және халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын чемпиондарды тәрбиелеуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Мектеп Мемлекет басшысының спортты дамыту және дарынды балаларды қолдау жөніндегі тапсырмасына сәйкес ашылды. Мұнда спорт пен білім қатар дамиды, болашақ чемпиондарды даярлауға барлық жағдай жасалған. Ендігі міндетіміз — оқу процесін сапалы ұйымдастыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың кәсіби дамуына жағдай жасау. Осы білім ордасынан халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын спортшылар шығады деп сенемін», — деді Нұрдәулет Қилыбай.

Интернат 300 оқушыға арналған.
Оның ішінде 250 бала жатақханамен қамтылған, ал 50 оқушы үшін арнайы тасымалдау қызметі ұйымдастырылған.

Оқу орнында бокс, дзюдо, таеквондо, еркін және грек-рим күресі бойынша жаттығулар өткізіледі. Оқушылар күн сайын күніне екі рет жаттығып, тәжірибелі жаттықтырушылардың жетекшілігімен дайындықтан өтеді.

Мектеп-интернат колледжінің инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда спорт және күрес залдары, оқу кабинеттері, кітапхана, медициналық орталық, жатақхана мен асхана бар.

Оқу және жаттығу үдерістері мемлекеттік білім беру стандарттары мен спорттық талаптарға сәйкес жүргізіледі.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу