freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

«Мас болған, иттерге оқ атқан»: Семейде ветеринария қызметкері ұсталды

Оқиға
«Мас болған, иттерге оқ атқан»: Семейде ветеринария қызметкері ұсталды
Абай облыстық ПД

Семей қаласындағы көпқабатты үйдің ауласында бір ер адам иттерге оқ атып, олардың бірін жаралаған. Оқиға 19 ақпан күні күндіз болған, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Әлеуметтік желілерде жарияланған кадрларда бір иттің қар үстінде қозғалыссыз жатқан екінші иттің жанында үріп тұрғаны көрінеді. Ал басқа видеода жараланған иттің есін білетіні, оны көлікке салып жатқан сәті түсірілген, мойнында қан іздері байқалады. Куәгерлердің айтуынша, бұл ит бірнеше көпқабатты үйдің аулаларындағы тұрақ аумағында еңбектеп жүрген. Жарияланымда оқиғаның Семейдің сол жағалауындағы үйлердің аулаларында болғаны айтылған.

«Куәгерлердің сөзінше, ер адам көлікпен келіп, ОСВВ бағдарламасынан (вакцинация, чиптеу) өткен иттерге оқ атқан. Сондай-ақ оның мас күйде болуы мүмкін екені хабарланған... Егер бұл деректер расталса, онда жануарларға қатыгездік көрсету, аулада жүрген балалар үшін қауіп төндіру, мас күйде көлік басқару бойынша айыпталады», — делінген жарияланымда.

Абай облысы полиция департаментінде ер адамның мас күйде болғаны расталды. «Жүргізілген тексеру барысында облыстық ветеринария басқармасының ветеринариялық қызметіне қарасты жануарларды аулау, уақытша ұстау және жою қызметінің 58 жастағы қызметкері анықталды. Ер адамның азаматтардың өтініші бойынша келгені белгілі болды, алайда аулау барысында жануарларға жауапкершілікпен және гумандық қарым-қатынас жасау туралы заң талаптарын бұзған. Сонымен қатар ол мас күйде болған», — деп хабарлады Абай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жануарларды аулау қызметінің қызметкері жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін, сондай-ақ қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін жауапкершілікке тартылды.

Полиция департаментінде жануарларға қатысты кез келген заңсыз әрекеттер бақылауда болатыны және қолданыстағы заңнама аясында қатаң құқықтық баға берілетіні атап өтілді.

Бұған дейін Абай облысында жануарларға қатыгездік көрсету дерегі тіркелген болатын. Шамамен 20 мысық пен марғауды қораптарға және байланған қаптарға салып, қала сыртында тастап кеткен.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу