Мәжілістің жалпы отырысында «2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң және оған ілеспе құжат қабылданданды , деп хабарлайды Malim.kz Kazinform.kz сайтына сілтеп.
– Хаттамаларға 2024 жылы 28 қарашада қол қойылды. Оларда көзделген өзгерістер келісімдердің жекелеген ережелерін аталған құрылымдардың ұйымға мүше мемлекеттердің аумақтарында уақытша болуын қамтамасыз ету және оларды тасымалдау бөлігінде нақтылауға бағытталған. Бірінші, келісімнің түсіндірме аппараттары нақтыланды және транзиттік ұшу, әуе айлақтық техникалық қамтамасыз ету, аэронавигациялық қызмет көрсету, аэронавигациялық деректер т.б. терминдермен толықтырылды, – деді ҚР Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабеков.
Сондай-ақ, құрылымдарды қабылдаушы тараптың аумағына жіберуі мүмкін жағдайлар егжей-тегжейлі нақты бекітілді.
Одан бөлек, шұғыл ден қою қажет болған жағдайда Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі әскери тасымалдауға өтінімдерді қарастырып, шешім қабылдайтын мерзім үш тәуліктен бір тәулікке қысқартылды.
– Төртінші, құрылымдардың мақсаты бойынша міндеттерін шешу үшін тасымалдау кезінде, яғни Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімі бойынша барлық әуе айлақтарда әуе кемелерін қабылдау-жөнелту, әуе айлақтық техникалық қамтамасыз ету, тұрақ орнын беру, күзетуді қабылдаушы немесе транзиттік тараптар өтеусіз жүзеге асырады. Сондай-ақ, тараптардың мемлекеттік авиациялық әуе кемелерінің ұшуына аэронавиагациялық қызмет көрсету ақы алынбай жүзеге асырылады. Сонымен бірге, әуе кемелеріне жанар жағармай материалдарын, арнаулы сұйықтықтар және газ құюды транзиттік тарап және қабылдаушы тараптың күштері және құралдары тиісті келісімдер және уағдаласқан негізде жүргізілетін болады, – деді Асқар Мұстабеков.
Оның сөзінше, хаттамаларды ратификациялау Қазақстан мүддесіне және ұйым шеңберіндегі халықаралық міндеттерге сәйкес келеді.