freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Мексикада картель басшысының өлімінен кейін елде тәртіпсіздіктер басталды

Әлем
Мексикада картель басшысының өлімінен кейін елде тәртіпсіздіктер басталды
Фото: Alejandra Leyva/AP Photo/picture alliance

Мексика Қарулы күштерінің арнайы операциясы нәтижесінде елдегі ең ірі наркокартельдердің бірінің жетекшісі Немесио Осегера Сервантес – «Эль Менчо» (El Mencho) лақап атымен танымал тұлға – өлтірілді, деп хабарлайды Malim.kz.

Көптеген жылдар бойы «Эль Менчо» Халисконың жаңа буыны картелі (CJNG) ұйымын басқарды және елдегі ең қатыгез қылмыскерлердің бірі ретінде танылды. Ол мемлекеттік қауіпсіздік күштерімен тікелей қақтығыстан тайсалмайтын тұлға болғанын The New York Times (NYT) газеті жазады.

Картель есірткіні (ең алдымен кокаин, метамфетамин және фентанил) Америка Құрама Штаттары аумағына жеткізумен айналысқан.

NYT дереккөздерінің мәліметінше, Осегера Тапальпа қаласында (Халиско штаты) өлтірілген. Дәл осы штатта оның наркокартелі құрылған және негізгі базасы орналасқан. Мексиканың Вашингтон қаласындағы елшілігі әскери операцияға қатысты қосымша ақпаратты АҚШ ұсынғанын хабарлады.

Халиско штатының губернаторы Пабло Лемус Наварро әлеуметтік желілерде картель мүшелері мен Мексика Қарулы күштері арасында қақтығыстар болғанын растады, алайда егжей-тегжейін ашпады.

Оның айтуынша, күштік құрылымдар пайда болғаннан кейін картельмен байланысы бар белгісіз тұлғалар көліктерді өртеп, жолдарды жауып, операцияға кедергі келтіруге тырысқан.

Осегераның өлімі бүкіл Мексика бойынша тәртіпсіздіктерге ұласты

The New York Times мәліметінше, кемінде бес мексикалық штатта, соның ішінде Халискода, тәртіпсіздіктер болған. Жергілікті тұрғындар мен аймақтық билік өкілдері көліктердің өртенуі мен көшелердің жабылуы туралы хабарлауда – бұл наркокартельдер жиі қолданатын тактика.

Халиско штатында төтенше жағдай режимі енгізілді. Кейбір аудандарда қоғамдық көлік жұмысы тоқтатылып, тұрғындарға ғимараттардан шықпауға кеңес берілді. Өрт қою оқиғаларының бір бөлігі штат астанасы Гвадалахара қаласында болған. Бұл қалада бірнеше айдан кейін футболдан әлем чемпионаты өтуі тиіс.

Пуэрто-Вальярта және Гвадалахара әуежайлары уақытша рейстерді қабылдамай отыр. Әлеуметтік желілерде жолаушылардың әуежай ғимараттарында паналау орындарын іздеп жүргені түсірілген видеолар таралуда.

АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландау «Эль Менчоны» жоюды «Мексика, АҚШ, Латын Америкасы және бүкіл әлем үшін үлкен оқиға» деп атады.

Тәртіпсіздіктер аясында АҚШ-тың Мексикадағы елшілігі Халиско, Тамаулипас, Мичоакан, Герреро және Нуэво-Леон штаттарында жүрген америкалық азаматтарға паналау орындарын тауып, ғимараттардан шықпауға кеңес берді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу