Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалдық кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл мерекенің әрбір азамат үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Мемлекеттік рәміздер – елдің тәуелсіздігі мен ұлттық құндылықтарының айқын көрінісі.
«Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қасиетті Отанымыз – Қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке. Біз осы күні байрағымызды биікке көтереміз. Сол арқылы еңселі, егемен ел екенімізді күллі әлемге паш етеміз», – деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстанның әрбір мемлекеттік нышаны халқымыздың болмысын, тарихын және рухани құндылықтарын бейнелейді.
«Қастерлі рәміздеріміз – ұлт құндылықтарының жарқын символы. Мемлекетіміздің әр нышаны халқымыздың болмыс-бітімінің көрінісі саналады. Елтаңба – елдігіміздің айшықты белгісі. Әнұран – азаттығымыздың айбынды үні. Көк Туымыз – Тәуелсіздік тұмары. Төбемізге көтеріп, қадір тұтатын осы үш рәмізді мемлекеттігіміздің мызғымас үштағаны десек, артық болмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент тарихи тұрғыдан қазақ халқының бірлік пен ынтымақты әрдайым ту етіп ұстанғанын атап өтті.
«Тарихқа үңілсек, жұртымыз әрқашан бір тудың астына жиналып, ынтымақ-бірлігін сақтай білген. Қазір де еліміз ауызбіршілігін нығайтып, алға қарай сеніммен қадам басып келеді», – деді Мемлекет басшысы.