Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Ми ісініп кетеді": Қытайлық дәрігерлер Нипах вирусының қауіп-қатерін айтты

Әлем
"Ми ісініп кетеді": Қытайлық дәрігерлер Нипах вирусының қауіп-қатерін айтты

Қытайлық мамандар Нипах вирусын жұқтырғандарда қандай белгілер болатынын айтып, оның салдарын ескертті. Вирусты жүұтырғандар комаға түсіп, эпилепсия пайда болып, сондай-ақ науқастың жүйке жүйесі зақымдануы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz сайты Қытайдың орталық телеарнасы CCTV-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Қаңтардың ортасында Үндістанның Батыс Бенгалия штатының билігі бірнеше медицина қызметкері Нипах вирусын жұқтырғанын мәлімдеді. Ауру жұқтырғандар өздері жұмыс істейтін Барасата ауруханасында ем қабылдап жатыр, олар оқшаулау бөліміне орналастырылып, жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған.

Батыс бұқаралық ақпарат құралдары науқастар санының артып жатқаны туралы мәлімдемелер жасағанымен, Үндістан билігі вирус жұқтырудың жаңа жағдайлары тіркелгені жөнінде ресми ақпарат берген жоқ.

“Жұқтырудың бастапқы кезеңінде Нипах вирусының белгілері атипиялық пневмонияға ұқсас болады. Атап айтқанда, тамақ ауырып, құсып, қатты ұйқышылдық байқалады. Алайда кейін жедел респираторлық дистресс-синдром дамуы мүмкін, ал кейбір жағдайларда тіпті сепсиске ұласуы ықтимал”, – деп жазды Шэньчжэнь қаласындағы үшінші Халық ауруханасының басшысы Лу Хунчжоу өз ғылыми еңбегінде.

Қытайдағы ең жоғары деңгейдегі ауруханалардың бірінің жұқпалы аурулар бөлімінің бас дәрігері Юй Кан Нипах вирусы орталық жүйке жүйесін зақымдап, жедел энцефалит пен ми ісінуіне әкелуі мүмкін екенін айтты. Дәрігердің сөзінше, бұл жағдайда жұқтырғаннан кейін 24-48 сағат ішінде науқас комаға түсіп, эпилепсиялық ұстамалар басталып немесе жүйке жүйесі зақымдануы мүмкін. 

Сонымен қатар қытайлық сарапшылар вирустың Қытай аумағында кеңінен таралу ықтималдығы төмен екенін атап өтті.

“Нипах вирусының таралу ауқымы өте шектеулі, қазіргі жағдай бұрынғыдан (COVID-19) мүлде өзгеше. Қоғамға қатты алаңдаудың қажеті жоқ”, — деді CCTV Гонконг университетінің профессоры Цзинь Дунъян.

Бұған дейін гонконгтық South China Morning Post газеті қытайлықтар Қытай Жаңа жылына арналған мерекелер кезінде туризмнің артуына байланысты Нипах вирусынан қауіптеніп отырғанын хабарлаған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Нипах вирусын әлемдегі ең қауіпті вирустардың бірі деп атайды. Қазір оған қарсы дәрі де, вакцина да жоқ. Нипах қызба мен энцефалопатияны, яғни ми жасушаларының зақымданып, жойылуына әкеп соғады. Ал өлім-жітім деңгейі 40-75%-ы көрсетті.

Вирус негізінен жарқанаттар арқылы таралады. Адамдар көбіне вирус жұқтырған жануардың сілекейі түскен жемістерді жеп ауруға шалдығады. Сондай-ақ вирус үй жануарларына да жұғуы мүмкін. Ал Нипах ауамен таралмайды, ол үшін жұқтырған адамның ағза сұйықтықтарымен тікелей байланыс қажет.

Еске салсақ, бұған дейін де Үндістанда адамға өте қауіпті Нипах вирусы таралып жатқанын хабарлаған едік. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі Нипах вирусының емі мен оған қарсы вакцина жоқ екенін айтқан еді. 

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу