freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Мигранттарды заңсыз жұмысқа алғандарға айыппұл көбейе ме?

Құқық
Мигранттарды заңсыз жұмысқа алғандарға айыппұл көбейе ме?
pixabay.com

Қазақстанда мигранттарды заңсыз жұмысқа алғаны үшін айыппұлдарды арттыру қажет. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев осындай пікір білдірді. 

"Егер жеке тұлға шетелдік жұмыс күшін тартатын болса, оның мөлшерлемесі 7 АЕК (2026 жылы 30 275 теңге). Мигрант ақысын төлеп, елімізге келеді, бірақ іс жүзінде заңды тұлғада жұмыс істейді, бұл – заңбұзушылық. Енді мұндай ауытқулар болмауы үшін екі квотаны бір квотаға біріктіріп, бірыңғай салық мөлшерлемелерін белгілейміз. Ондайда мигрантқа (бұлай істеудің – ред. еск.) мәні болмайды, ол бірыңғай салық алымын төлеп, жеке тұлғада да, заңды тұлғада да жұмыс істей бере алады. Бұл – әділ схема", - деді Асқарбек Ертаев.

Еңбек министрлігі тиісті түзетулер әзірлеп, ІІМ мен өзге де мемлекеттік органдарға қарауға жолдаған. Министрдің айтуынша, бірыңғай квота биылдың өзінде енгізілуі мүмкін.

"Заңсыз көші-қонға келетін болсақ, бұл негізінен Ішкі істер министрлігінің құзыретінде. Біз бұл мәселені талқылауға дайынбыз және келісеміз: елімізде болу ережелерін бұзса, айыппұлдарды арттыру керек. Өйткені бізде "Заң мен Тәртіп" қағидаты бар, әрбір шетелдік азамат Қазақстан заңнамасының ережелерін сақтауға тиіс", - деп толықтырды Ертаев.

Айта кетейік, Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін және еңбек иммигранттарын заңнаманы бұза отырып тартқаны үшін (ӘҚБтК-нің 519-бабы) келесідей айыппұлдар қарастырылған:

жеке тұлғалар үшін: ең төменгісі – 30 АЕК немесе 129 750 теңге, ең жоғарысы – 50 АЕК немесе 216 250 теңге;

лауазымды тұлғалар үшін: ең төменгісі – 50 АЕК немесе 216 250 теңге, ең жоғарысы – 100 АЕК немесе 432 500 теңге;

орта бизнес үшін: ең төменгісі – 200 АЕК немесе 865 000 теңге, ең жоғарысы – 300 АЕК немесе 1,2 миллион теңге;

ірі бизнес үшін: ең төменгісі – 700 АЕК немесе 3 миллион теңгеден астам, ең жоғарысы – 1000 АЕК немесе 4,3 миллион теңге.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу