Иран Қазақстанмен сауда саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Бұл туралы Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкиан айтты.
Иран мен Қазақстанның мәдени-рухани байланыстарының тарихы өте тереңнен тамыр алады. Сол заманда, Ұлы жібек жолы кезінде де байланыстарымыз болған. Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін де қарым-қатынасымыз үзілген емес. Қазақстан қарым-қатынас біз үшін өте маңызды. Өйткені, Ислам төңкерісінен кейін көрші мұсылман мемлекеттермен ынтымақтастығымызды дамытып келеміз. Олардың арасында Қазақстан біз үшін өте маңызды мемлекет, - деді Иран президенті.
Мәртебелі мейман көптеген халықаралық, аймақтық мәселеде Қазақстан мен Иранның көзқарасы ұқсас екенін айтты.
— ЕАЭО, ШЫҰ, ИЫҰ аясындағы ынтымақтастығымыз жыл сайын дамып келеді. Бұл байланыстарды тереңдете түсуге міндетіміз. Біздің аймақ проблемасы көп аймақ. Өкінішке орай, аймағымызда көптеген проблема бар. АҚШ пен Батыс елдері халықаралық құқықты белінен баса отырып, бізге көптеген қиындық тудырып отыр, - деді Масуд Пезешкиан.
Сонымен қатар Иран президенті Қазақстанмен арадағы тауар айналымы биыл 40 пайызға өскенін атап өтті.
— Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бірақ, сауда-саттық саласында мұнан да жоғары жетістіктерге жете аламыз. Біз өткен кездесуімізде сауда айналымын 3 млрд долларға жеткізуге келіскенбіз және осы жолда жұмысымызды ары қарай жалғастыра беруіміз қажет. Бірақ, бұл ретте банк саласына қатысты мәселе бар. Оны да жақын арада шешеміз деп үміттенемін. Иран ЕАЭО арқылы Қазақстанмен сауда саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі, - деді Иран президенті.
Бұған дейін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкианды қарсы алған еді.