Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ресми өкілі Ерлан Жетібаев Қара теңіздегі мұнай танкерлерімен байланысты оқиғалар жөнінде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның мәліметінше, 13 қаңтарда Қара теңізде Каспий құбыры консорциумының теңіз терминалына бет алған үш танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы шабуыл жасалған. Осыған байланысты Қазақстан тарапы аталған оқиғаларға айтарлықтай алаңдаушылық білдіреді.
Осы орайда бірқатар еуропалық мемлекеттердің елшілерімен шұғыл кездесулер өткізілді. Сонымен қатар америкалық тараппен және өзге де шетелдік серіктестермен байланыстар барысында халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтау, сондай-ақ көмірсутегін тасымалдаудың, оның ішінде теңіз жолдарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдаудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Қазақстан Республикасының қандай да бір қарулы қақтығысқа қатысушы емес екені, жаһандық және еуропалық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқаны атап өтілді. Сондай-ақ энергия ресурстарын жеткізудің үздіксіздігі халықаралық талаптарға толық сәйкес қамтамасыз етіліп отырғаны айтылды.
Осыған байланысты аталған танкерлердің барлық қажетті рұқсаттары болғаны және талап етілетін сәйкестендіру жабдықтарымен қамтамасыз етілгені нақтыланды.
Соңғы уақытта мұндай оқиғалардың жиілеуі халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуіне төнетін тәуекелдердің артып келе жатқанын айғақтайтынын атап өтеміз және серіктестерімізді алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында бірлескен шаралар әзірлеу үшін тығыз өзара іс-қимыл жасауға шақырамыз, - деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін Қара теңізде Ресей жағалауына жақын орналасқан Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалы маңында мұнай танкерлеріне белгісіз ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасаған еді. Шабуылға ұшыраған кемелер Қазақстан мұнайын тасымалдаған деген ақпарат тарады.