Әлеуметтік жағынан осал адамдарды ұрлап, олардың атына ірі көлемде банктен несие алған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберіледі.
Ақмола облысы прокуратурасының редакция сауалына берген жауабына сәйкес, қазір әлеуметтік жағынан осал адамдарды ұрлау, алаяқтық және ақша жылыстату бойынша ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс аяқталды.
— Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 294-297 баптарына сәйкес қылмыстық іс материалдары қылмыстық процеске қатысушыларға танысу үшін жіберілді. Қарау аяқталғаннан кейін қылмыстық іс өз құзыретіне сәйкес Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданады, — делінген ведомство мәлімдемесінде.
Тергеу аясында барлығы 25 тұлғаға ҚР Қылмыстық кодексінің түрлі баптары бойынша айып тағылды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 1 және 2-тармақтары (қылмыстық топ жасаған аса ірі көлемдегі алаяқтық) және 262-бабының 1 және 2-бөлігі (ұйымдасқан топ құру, басшылық ету, оған қатысу) бойынша 21 тұлға сотқа тартылады. Үш тұлғаға Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігінің 2 және 3-тармақтары бойынша (Қылмыстық жолмен алынған мүлікті жылыстату) қосымша айып тағылды. Үш күдіктінің үстінен 190-бап бойынша айып тағылды. Прокуратура оларға қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 247-бабы (заңсыз сыйақы алу) бойынша оңалтуға жатпайтын негіздер бойынша тоқтатылғанын қосты.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 1 және 2-тармақтарымен және 262-бабының 2-бөлігімен бір күдіктіге қатысты қылмыстық іс халықаралық іздеу жарияланғанына байланысты жеке өндіріске бөлінген.
Еске сала кетейік, Ақмола облысының прокурорлары 450 тұлғаға заңсыз несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатқанын жазған едік.
Ақмола облысының прокурорлары әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды ұрлап, олардың атына ірі көлемде банктен несие алған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады.
Осыдан кейін Kaspi Bank, Forte Bank, Eurasian Bank және Alatau City Bank бірлескен мәлімдеме жасап, ұйымдасқан қылмыстық топқа өз қызметкерлерінің қатысы барынан бейхабар екенін мәлімдеді.
Фото: pexels