Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Несиені коллекторларға сатуға мораторий уақыты 2027 жылға созылды

Қоғам
Несиені коллекторларға сатуға мораторий уақыты 2027 жылға созылды
freepik.com

2026 жылғы шілдеден ипотекалық кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 25-тен 20 пайызға дейін төмендетіледі, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.

— Үкіметтің, Ұлттық банк пен агенттіктің бірлескен іс-қимыл бағдарламасы аясында бизнеске кредит беруді ынталандыру және халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөнінде мынадай шаралар іске асырылатын болады. Біріншіден, корпоративтік кредит беруді одан әрі ынталандыру үшін 2026 жылғы 1 сәуірден бастап бөлшек кредиттер бойынша капиталдың секторлық контрциклдік буфері 2 пайыздық деңгейде іске қосылады. Келесі жылы агенттік бизнеске кредит беруді ұлғайту үшін уақытша пруденциялық шараларды іске асыруды жалғастырады. Атап айтқанда, өтімділік коэффициенттерінің 0,9 деңгейіндегі төмендетілген мәндері ұзартылады, бұл 3 трлн теңгеге дейін өтімділікті босатуға мүмкіндік береді. Банктерді қорландыру құрылымын әртараптандыру және неғұрлым тұрақты және ұзақ мерзімді ресурстардың үлесін ұлғайту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Жалпы алғанда, банктердің ресурстарын нақты секторды кредиттеуге барынша тартуға бағытталған шаралар қабылданады, — деді агенттік басшысы.

Оның айтуынша, екіншіден, агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп, қарыз сомасының тұрғын үй құнына қатынасына қарай ипотека бойынша мөлшерлемелерді айқындаудың жаңа әдістемесін әзірлейді. Кепілсіз тұтынушылық кредиттерге қатысты нарықтық деректер негізінде шекті жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу әдістемесі қайта қаралады.

— Үшіншіден, тұтынушылық кредит берудегі тәуекелдерді азайту үшін 2026 жылы жиынтық борыштың жылдық кіріске қатысты коэффициенті іске қосылып, оның нормативтік мәні белгіленеді. Сондай-ақ борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу қатаңдатылады, — деді ол.

Агенттік басшысының айтуынша, төртіншіден, өткен жылы коллекторларға азаматтардың кредиттерін сатуға 2026 жылғы 1 мамырға дейін мораторий енгізілді. Нәтижесінде коллекторлық агенттіктерде проблемалық қарыз алушылардың саны 54 пайызға азайды. Тиімділікті ескере отырып, мораторий мерзімін 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзарту жоспарланып отыр.

— Бесіншіден, проблемалық қарыз алушылардың санын азайту мақсатында, соттан тыс банкроттық рәсімін одан әрі жеңілдету жүргізілетін болады. Қаржы ұйымдары соттан тыс банкроттық қолданылатын проблемалық қарыз алушыларды анықтайтын болады және соттан тыс банкроттық мүмкіндігі туралы СМС-хабарлама арқылы азаматтарды хабардар ету тетігі енгізіледі. Аталған шаралар банктердің ресурстарын бизнеске кредит берудің пайдасына қайта бөлуге ынталандырады, тұтынушылық кредит берудің өсуін тежейді және нәтижесінде, қаржылық тұрақтылықты нығайтып, азаматтардың мүдделерін қорғайтын болады, — деді Мәдина Әбілқасымова.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу