Олжас Бектенов Бұқтырма арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірді ашты
Бұл – маңызды инфрақұрылымдық жоба, әрине, бүкіл еліміздің тұрғындары үшін тарихи нысан
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірдің ашылуына қатысты. Жоба көлік қатынасына қатысты көп жылғы мәселені шешуге бағытталған, көпір алты ауданды – Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Зайсан аудандарын байланыстырады.
Көлік министрі Марат Қарабаев Премьер-министрге ұзындығы 1316 метр екі жолақты автомобиль көпірінің құрылысы аяқталғаны туралы баяндады. Көпір тәулігіне 80 мыңға дейін көлік өткізе алады, өткелге 18 шақырым жаңа жол тартылды. Жоба озық инженерлік технологияларды қолдана отырып және барлық сапа стандарттарына сәйкес жүзеге асырылды.
Облыс тұрғындарымен кездесуде Премьер-министр жобаны іске асыру көлік құралдарының жыл бойы қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететінін, Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін және еліміздің көлік-логистика саласының дамуына оң әсер ететінін атап көрсетті.
«Жаңа көпір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында салынды. Аймақта тұрғындар 50 жыл бойы жазда не пароммен, қыста тікелей не мұз үстімен жүргенін білесіздер. Құрылыстың салынуын жергілікті тұрғындар ұзақ күтті», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Шығыс Қазақстан — маңызды көлік дәліздері өтетін стратегиялық аймақ. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір логистикалық бағыттарды жақсартып, шекаралас елдермен үздіксіз байланысты қамтамасыз етеді.
Өз кезегінде, көпірдің ашылуына келген аймақ тұрғындары көпір су қоймасының екі жағындағы елді мекендер арасындағы көлік қатынасын едәуір жақсартатынын, бұл тұрғындардың жеңіл қатынауын қамтамасыз ететінін, тауарлар қозғалысын жеделдететінін, қызметтерге қолжетімділікті арттырып, сондай-ақ облыстың туристік әлеуетін ашуға мүмкіндік беретіні туралы пікір білдірді.
«2019 жылы осы өңірдің халқы еліміздің Президентіне арыз-тілегін жазған. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тілегіне көңіл бөліп, елдің 60 жыл армандаған көпірін салуға қазынадан қаражат бөлді. Жобада еңбек еткен тек еліміздің азаматтары. Шетелден тартылған бірде-бір маман жоқ. Қаншама кісіге жұмыс табылды. Құрылыс қыстың аязында, жаздың аптап ыстығында да жүргізілді», - деді Күршім ауданының Құрметті азаматы Бақытхан Өлмесеков.
«Көпірдің ашылуы ерекше оқиға болды. Бұл – маңызды инфрақұрылымдық жоба, әрине, бүкіл еліміздің тұрғындары үшін тарихи нысан. Ол Президенттің бастамасының арқасында жүзеге асты. Бірнеше сағат бойы жүріп өтетін қашықтықты енді бірнеше минутта өттік. Қысқы мезгілде бұл жерден өту өте қиын еді», — деп атап өтті Алтай аудандық мәслихатының төрағасы Лариса Гречушникова.
Премьер-министр ірі жобаларды жүзеге асыру барысында отандық мамандар мен мердігер компанияларды тартуға ерекше назар аударылатынына тоқталды.
«Мемлекет басшысы аталған жобаға, жалпы өңірлердің дамуынап үлкен көңіл бөліп келеді. Сіз дұрыс айттыңыз, әрі жұмыс беріп әрі инфрақұрылымдық байланыс пен дамуды қамтамасыз ететін мегажобалар көп болуы керек. Сырттан ешкімді тартпай-ақ, біздің өз құзыретіміз де жеткілікті. Осындай республикалық маңызы бар ірі жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Қазір Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет отандық кәсіпкерді, отандық өндірушілерді қолдау саясатын жүргізуде», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Фото: Үкімет