Қызғалдақ жұлған әйел кінәсін мойындады: полиция істің мән-жайын айтты

Түркістан облысы полиция өкілдері қызғалдақ терген әйелге қатысты тергеудің мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Түркістан облысының Ордабасы ауданында түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап кетті. Кадрларда белгісіз әйел гүл жұлып жатқаны көрінеді. Ал сирек кездесетін гүлдерді жинауға заңмен тыйым салынған.
Желіде тараған видеодан Грейг қызғалдағы гүлдей бастағанда кейбіреулері оның әсемдігіне таңданса, ал біреулері заңды бұзып, гүлдерді жұлып алатыны көрінеді.
Айта кетейік, жабайы қызғалдақтар 4 жылдан 7 жылға дейін жерде сақталуы мүмкін тұқым арқылы көбейеді. Гүлді жұлса, тұқымы да жоғалады, осылайша жаңа гүл шығуы сирей түседі.
Қызғалдақ Қызыл кітапқа енген. Оны жұлғаны үшін ҚР ҚК-нің 339-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Бұл үшін 3000 АЕК-ке дейін (11 796 000 теңге) айыппұл не қоғамдық жұмыстарға 800 сағатқа дейін тарту түріндегі жаза не 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу/айыру жазасы берілуі мүмкін.
Түркістан облысы Полиция департаменті мәліметінше, қызғалдақ жұлған қазақстандық істегенін мойындаған.
"Әйелге қатысты ешқайда кетпеу және дұрыс мінез-құлық туралы бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазір барлық мән-жайды анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізіліп жатыр", - деді ведомстводағылар.
Аймақ прокуратурасы мәліметінше, сот сараптамасы тағайындалған, осы арқылы жұлынған гүлдер расында да Қызыл кітапқа енген-енбегені анықталады. Оның нәтижесі бойынша Шымкент тұрғынының әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Еске салайық, бұған дейін сирек кездесетін қызғалдақты жұлған адамға 12 миллион теңгеге жуық айыппұл салынуы мүмкін екені айтылған еді.
Фото: Видео кадры