Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Өлген адамның "қалған ғұмырын перзенттеріне берсін" деп айтуға болмайды

Қоғам
Өлген адамның "қалған ғұмырын перзенттеріне берсін" деп айтуға болмайды
ашық дереккөзден

Көңіл айту – азалы жанды жұбатып, сабырға шақыруға арналған дәстүр. Алайда бүгінде осы салттың мәнін толық түсінбей, орынсыз сөз айтып, әдеп шегінен асып кететін жағдайлар жиілеп барады. Төмендегі оқиға – соның бір дәлелі.

Сыныптасым Олжастың ағасы дүниеден өткеніне қырық күнге жуықтаған еді. Бәріміз сол асына барып, көңіл айтуға жиналдық. Көрші тұратын Әсел де төркіндеп келген екен, ол да бірге бармақ болды. Бірақ оның әжесі рұқсат етпей:

– Өлімге жастар көп барып, көңіл айтып жүр, содан жастардың өлімі көбейді. Азалы үйге үлкендер барады, – деп ұрсып тастады.

Дегенмен Әсел әжесінің сөзіне қарамады. Екеуміз ауылдастармен бірге Олжастың үйіне бардық.

Азалы үйде бәрі мұңлы, марқұмның анасы жылап отыр. Әсел:

– Әпке, ағаңыздың иманы саламат болсын. Артының қайырын берсін. Қалған ғұмырын балаларына берсін, – деді.

Біз де "Иманды болсын" деп қосылып қойдық. Анасы басын изеп, "әумин" деп отырды.

Кейін дастарқан басында отырған бір әжей бізге қарап:

– Қыздар, мұндай жерге жиі бара бермейтіндерің көрініп тұр. Көңіл айту – жай барып, сөз айту емес, үлкен жауапкершілік. Азалы үйге кіргенде алдымен жандарын жұбатып, дұға бағыштайсыңдар. Бірақ ең бастысы – не айтпауды білу керек, – деді де Әселге бұрылды.

– Қызым, жаңағы "қалған ғұмырын балаларына берсін" деген сөзді ешқашан айтушы болма. Өлген адамның ғұмыры аяқталған, енді оның өмірінен ештеңе қалмайды. Мұндай сөз ауыр әрі қате. Оның орнына: "Арты қайырлы болсын", "Қалғанына өмір мен амандық берсін", "Алла сабыр берсін", "Жатқан жері жайлы болсын, топырағы торқа болсын" деген секілді дұрысырақ сөздерді айтыңдар.

Әжей сөзін қорытындылай келе:

– Көңіл айту мәдениеті – үлкен тәрбиенің көрінісі. Ертең өздерің де бір әулеттің келіні боласыңдар, сондықтан осындай салттың мәнін біліп жүріңдер. Не айтсаңдар да, жүректен шыққан, орынды болсын, – деді.

Сол сәтте бәріміз үнсіз қалдық. Үйден шыққан соң Әсел екеуміз көпке дейін ойға шомып келдік. Шынында да, әр сөздің өз салмағы бар.
Көңіл айту кезінде "қалған ғұмырын балаларына берсін" деу – дұрыс емес. Өлім – Алланың ісі, ал адам баласының парызы – сабыр мен дұға.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу