Аймағамбетов: Педагог өліміне аттестацияның қатысы жоқ
14 сәуір Алматыдағы көлік және логистика академиясында ұлттық біліктілік тестін (ҰБТ) тапсыру кезінде 1973 жылы туған педагог қайтыс болды. Арада 5 күн өткеннен кейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқиғаға байланысты пікір білдірді.
Аймағамбетов педагогтің тест тапсыру кезінде қайтыс болуының аттестацияға қатысы жоқ екенін айтады. Ол тест тапсыру орталығында медицина қызметкерінің болмағанын растады. Және осы жағдайдан кейін барлық жоғарғы және өзге оқу орындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтты.
Министр қайтыс болған педагогтің 2020 жылы ғана мектепке келгеніне қарамастан, өз еркімен мерзімінен бұрын аттестациядан өтуге ниет білдіргенін де атап өтті.
Оқи отырыңыз: Педагог өлімі: Аймағамбетов көңіл айтқан жоқ, бақылаушылар қашып кетті – куәгерлермен сұхбат
Сонымен қатар, ол осыған дейін ұлттық тест орталығы берген ақпаратты қайталап, "педагогтің денсаулығында кінәрат болғанын және сол күні өзін нашар сезінгенімен туыстарының сөзін тыңдамай тест тапсыруға барғанын" айтты.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов аттестациясына мұғалімдер ашуланып жатыр
Айта кетейік, ұлттық біліктілік тестін тапсыру кезінде қайтыс болған мұғалімге алғашқы медициналық көмекті сол маңда болған әріптестері көрсеткенімен оны аман алып қала алмаған. Осы жағдайдан кейін аттестациялау форматын өзгерту туралы қоғамдық ой айтылған. Алайда аттестациялауды өзгерту немесе кейбір мұғалімдерді одан босату туралы министрлік пікір білдірген жоқ.