457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Атышулы сарапшы жол жүру құнын 500 теңге етуді ұсынды

Оның айтуынша, жолаушылар жол қашықтығына қарай әртүрлі баға төлеуі керек

Энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі, сарапшы Олжас Байділдинов автобуспен жүру құны 500 теңге болуы тиіс деп есептейді, деп хабарлайды Malim.kz.

«Тасымалдаушылардың айтуынша, шығынсыз баға 345 теңге болуы керек. Оларға үшінші жыл қатарынан субсидия төленіп жатқан жоқ. Бұл туралы мен бұрыннан айтып келемін: мемлекеттік субсидиялар бұл салада мөлдір емес, жемқорлыққа бейім, әрі жолаушылар үшін сапа әкелмейді. Астана мен Алматыда жол ақысы 500 теңге болуы тиіс (бұған дейін мәслихат сессияларында 450 теңге деп аталған). Тек Алматының өзінде өткен жылы автобус тасымалына субсидия ретінде шамамен 200 млн доллар бөлінді. Ал сапа қайда? Бұл салада нарықтық баға мен ашық бәсекелестік қажет», — деп жазды Байділдинов өзінің Telegram-арнасында.

Оның айтуынша, жолаушылар жол қашықтығына қарай әртүрлі баға төлеуі керек.

«Ешқандай экономикалық логика жоқ — үш аялдама жүретін адам мен бір жарым сағат соңғы аялдамаға дейін баратын жолаушының бірдей ақы төлеуі дұрыс емес. Автопарктерге берілетін нарықтан тыс, ашық емес субсидияларды алып тастап, бағаны нарыққа жіберуді ұсынамын. Ерте ме, кеш пе бәрібір соған келеміз», — деді сарапшы.

Дегенмен, өзі жолақы 500 теңге болуы тиіс дейді де, мысал ретінде: «Делиде метро немесе LRT-мен жүру ақысы 20–70 рупий, яғни 140–470 теңге аралығында» екенін келтіреді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Астанада автобуспен жүру құны – 110 теңге. Байділдиновтің бұл пікірі бағаның өсуі мен халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі жағдайында айтылып отыр.

Еске сала кетейік, 2022 жылғы Қанды қаңтар оқиғалары кезінде Байділдинов сұйытылған газ бағасының өсуі аясында халыққа «қоғамдық көлікке ауысуға» кеңес беріп, пікірталас туғызған еді.

Ол кезде сарапшы «газ бағасының 15–20 теңгеге қымбаттауы — елеусіз сома, біз интернетке де одан көп төлейміз» деген болатын. Бұл сөзі наразылық білдірген азаматтардың ашуын тудырған еді.

Кейін әлеуметтік желі қолданушылары бұл сөздерді Қаңтар оқиғасы кезінде жүк көліктерінің кузовында жүрген қарулы адамдар кадрларымен байланыстырып, қайта еске алды.

Фото: gov.kz