«Бірінші әйелі болмайсыз»: гид арабқа тұрмысқа шыққысы келетін қазақ қыздарына кеңес берді
Оның сөзінше, арабтар бірінші әйелін өздерінің қатарынан алатынын алға тартты.
Әлеуметтік желіде Дубайда тұратын Назира есімді гид арабқа тұрмысқа шыққысы келетін қазақстандық бойжеткендерге кеңес берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Желі қолданушысының сөзінше, оған БАӘ-ге келетін қазақ қыздарынан «арабқа қалай тұрмысқа шықсам болады?» деген сауал жиі түседі екен.
Қыздардың ең басты сұрағы қандай деп ойлайсыздар? Ол: арабтарды қайдан табуға болады және қазақтың қыздарын тұрмысқа ала ма? Арабтар қазақ қыздарына үйленеді, бірақ сіздер бірінші әйелі болмайсыздар, үшінші немесе төртінші әйелі атануға дайын болыңыздар. Себебі олар бірінші әйел ретінде өздерінің қатарынан алады, яғни аттастырып қойған қыздарына үйленеді. Бірақ оларға заң жүзінде танысуға болмайды. Әдетте әлеуметтік желі арқылы табуы мүмкін немесе көшеде көзіне түссеңіз, басыңыздың бос екенін және тұрмысқа шығуға дайын екеніңізді аңғартсаңыз болады. Дегенмен ол сізге ғана тиесілі еместігін жақсылап түсініп алыңыз. Оның сізден бөлек те бірнеше әйелі бар, тиісінше ол үйіңізге өзі қалаған уақытта келеді. Ата-анасы, достары, басқа әйелдері бар дегендей. Кешкі 7-де жұмыстан шығып, 7 жарымда үйде отыру деген жоқ, соған дайын болыңыз, - деді гид.
Фото: livan.info