Connect-Ed: Балалардың сапалы білім алуына қоғам болып жауапкершілік алуымыз керек

Қазақстанда коронавирусқа байланысты карантин басталып, барлық мектептер онлайн форматқа көшкен кезде, оқушылардың көпшілігі қашықтан оқи алмайтыны белгілі болды. Басты себеп олардың көбінде қарапайым ноутбук пен смартфон жоқ. Осы мәселені байқаған бір топ жас Connect-Ed атты жобаны бастап, мәселені өз күштерімен шешуге тырысады. Malim.kz тілшісі жоба авторы және командамен кездесіп, олардың жұмыстары туралы біліп қайтты.

Ақниет Аманжолқызы

  • 16.05.2022

Connect-Ed – Қазақстандағы цифрлық теңсіздікті жою мақсатында құрылған қайырымдылық жоба. Олар бұрын қолданыста болған, жұмыс жасап тұрған техниканы (компьютер, ноутбук, планшет пен телефон) жинап, мұқтаж адамдарға жеткізеді. Қазірдің өзінде еліміздің 9 аймағына техника жеткізіп үлгерген.

«Бұл жоба 2020 жылдың сәуір айында басталды. Пандемия кезінде 300 000 балада білім алуға қажетті техника жоқ дегенді естігеннен кейін біз осы жобаны Сорос Қазақстан қорына ұсынып, олардан қолдау таптық.  Жақын таныстарыммен бірге өзімізге қажет емес техниканы балаларға апарып бере аламыз деп ойладық. Және басқа да адамдар мен компаниялардан осындай техниканы сұрай бастадық. Бірақ бұл жоба бір жақты ғана болып қалмасын деп, үлкен онлайн платформа аштық, көп адам біле бастағандықтан бізді қолдаушылар да көбейді. Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында 224 техниканы балаларға тапсырдық», - дейді жобаның авторы әрі директоры Гүлназ Қорданова.

Оқи отырыңыз: Балаға аяушылықпен емес, махаббатпен қарау керек

Айта кетейік, мұндай жобалар АҚШ пен Еуропа елдерінде кең тараған. Яғни сіз өзіңізге немесе компанияңызға қажет емес техниканы басқа адамдарға бере аласыз. Ал Connect-Ed оны тасымалдаумен айналысады.

Бастапқыда команда білім басқармасы арқылы оқушылармен байланыспақ болған. Кейін олардан қажетті тізімді алып, онда балалардың тым көп екенін көргеннен кейін конкурс жариялап, оқушыларға компьютердің өмірлерін қалай өзгертетіні туралы эссе жазуды ұсынады. Шығармалар ішінен таңдап алып, Алматы облысында 58 балаға компьютер апарып береді.

Жоба авторларының сөзінше, Қазақстандағы цифрлық теңсіздік оқушылардың тек қазіргі өміріне ғана әсер етіп қоймай, болашақтағы табысына, қоғамнан алар орнына әсер етеді. Яғни жақсы интернет, жақсы техника қолданып, қалаған курсына жазыла алатын баламен, тіпті 4G желісінің өзі дұрыс жұмыс істемейтін аумақта телефонмен отыратын баланың білім деңгейі жер мен көктей. Олардың ақпарат ала білу деңгейін де есептеген жөн. Мысалы, жақсы техникамен отырған бала өзіне қажетті мамандықпен жоғарғы оқу орнын алдын ала таңдап бара алады. Ал ақпаратты дұрыс алмаған бала өзіне қызық емес салаға, өзіне ұнамайтын оқу орнына түсіп, кейін сол үшін өкініп жүреді.

Оқушылардың PISA тапсырғандағы деңгейінде осы цифрлық теңсіздікпен түсіндіруге болады. Себебі компьютерді қалай қосу керегін білмейтін бала, онлайн тесті де дұрыс тапсыра алмайды. Статистика бойынша компьютері бар балалар, компьютері жоқ балаға қарағанда тестілеуден 20 баллдай артық жинап шығады.

«Қазір біздің Help Center Life деген серіктестеріміз бар. Оларға балалар өтініш жазып, өздеріне компьютердің не үшін қажет екендігін түсіндіреді. Біз алдымен қоғамның осал топтарына көмектесуге тырысамыз. Мысалы, ата-анасынан айырылған немесе жағдайы төмен отбасындағы балалар болса, қажетті анықтамаларын қосып жібереді. Негізі балаларды табу және таңдау мәселесімен серіктестеріміз айналысады», - дейді Гүлназ.

Оның сөзінше, кейде техника беруші компания сол техниканы өздері жұмыс істейтін аймақтарда таратуға өтініш айтады. Мәселен, ірі компаниялардың бірі өздері берген техниканы Жамбыл облысы Шу ауданына жеткізуді сұраған. Бұл олардың өздері жұмыс істеп жатқан аумаққа көмек көрсеткісі келгені екен.

«Қалада отырып, техникамыз, интернетіміз дұрыс болғандықтан біз өзімізге қатысы жоқ нәрселерге аса назар аудармаймыз. Бірақ цифрлық теңдік не үшін керек екенін көп адам ойласа дұрыс болар еді. Балалар бүгін тең мүмкіндік алса, ертең олардың экономикаға, қоғамға тигізер пайдасы да жоғары болады. Олар ауылда туғанына кінәлі емес қой. Олардың жақсы білім алуына біз қоғам болып жауапкершілік алуымыз керек. Адамның мықтылығын оның басқа адамдарға қандай көмек көрсетіп жатқанымен өлшеуіміз керек», - дейді Гүлназ.

Оқи отырыңыз: Дарынды адамдар қайдағы жоқ нәрсемен айналысып жүр - OYLA журналының бас редакторымен сұхбат

Ірі компаниялардан бөлек, кез келген адам өзіне қажет емес техниканы командаға бере алады. Ол үшін жобаның сайтына кіріп хат қалдырсаңыз жеткілікті. Команда техниканы қабылдап, тексеріп, жөндеп, қажет адамға жібереді. Гүлназдың айтуынша, қазір көмек көрсетуге құлшыныс білдірген адамдар саны артқан. Одан бөлек, кей компаниялардың белсенді қызметкерлері өз басшылықтарымен сөйлесіп, қолданбайтын техниканы қоқысқа тастағанның орнына жөндеп, қайырымдылыққа беруге көндірген.

Connect-Ed командасының құрамында жоғарғы оқу орнын бітіргендеріне бірнеше жыл ғана болған әртүрлі саладағы жас мамандар бар. Олардың барлығы бұл жобада тегін жұмыс істейді. Көпшілігі Қазақстандағы білім саласындағы теңсіздікті көріп өскен. Және қазір осы салада зерттеулер жасап жүр.

Гүлназдың айтуынша, балаларға техникаға тапсыруға барған кез сарқылмас күш береді.

«Балалар өте қатты қуанады. Бұл қуаныш тек техниканы алғаннан ғана емес деп ойлаймын. Олар өздерін басқа адамдар уайымдайтынын түсініп, шынымен де, көмектескісі келетін адамдар бар екенін сезінеді. Бізбен араласқан кезде олар ашыла түседі, бізді құшақтайды. «Бұл түс емес, рас болып жатқан нәрсе ме» деп таңқалады. Біздің ұранымыз «Балаларға қармақ бер!». Меніңше, олар балықты өздері де аулай алады. Және сол арқылы өз болашақтарын өзгертеді. Негізі өзіміз де қатты қуанамыз. Балалармен тілдесіп, олардың арман-мақсаттарын естіп, сол мақсатқа жетулеріне кішкене болсын септігіміз тигенін білудің өзі тамаша», - дейді Гүлназ.

«Ата-аналардың қуаныш шексіз. Себебі ата-аналар үшін бұл үлкен көмек. Оларға әр баланы телефонмен, компьютермен қамтамасыз ету шешілмейтін мәселе секілді көрінеді. Компьютерлер де, телефондар да күн санап қымбаттап жатыр. Біз көбіне тек қана позитивті эмоцияларға куә боламыз», - дейді ол.

Гүлназ ата-аналар қажеттілікке байланысты техниканы сатып жіберуі мүмкін екендігін біледі. Алайда өздері жеткізген техниканың хәлін біліп отыру қателік деп ойлайды.

«Бұл әдепке жат нәрсе. Техниканы беруге барған кезде 3-6 ай мерзімге келісімшарт жасаймыз. Балалар бізбен хабарласып, ара-арасында техниканы қалай пайдаланып жатқаны туралы ақпарат бере алады. Бірақ техникаға бағдарламалар орнатып, бақылап отырғымыз келмейді. Және ол техниканы ата-аналары тамақ алу үшін сатып жіберуі мүмкін дегенде ой бар. Меніңше, егер адам дәл қазіргі уақытта техника немесе балаларының тоқ болуы дегендей таңдау жасаса, балалардың аш қалмағаны дұрыс деп ойлаймын», - дейді Гүлназ.

Команда болашақта Қазақстанның әр аумағында өз штабын ашып, барлық облыстарда көмек көрсеткісі келеді. Жобаға көмек көрсетудің екі жолы бар. Бірінші, өзіңізге қажет емес, техниканы беру үшін сайтқа өтіңіз. Екінші, сайтпен танысып алғаннан кейін ол туралы өз жақындарыңызға, достарыңызға айтып беріңіз.