Екі қазақстандық офицер шетелде жоғары марапатқа ие болды

«Ерлік пен шеберлік» төсбелгісін тағып жүру құқығына арнайы бөлімшелердің күрделі сынақтарға төтеп беретін әскери қызметшілері ғана ие болады, деп хабарлайды Malim.kz.
Биыл 87 үміткердің ішінен бұл белгі сынақтың барлық кезеңінен сүрінбей өткен 26 үміткерге табысталды. Олардың қатарында Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің екі әскери қызметшісі де бар.
Төсбелгіні тағу құқығына арналған сынақ біздің жігіттер үшін де оңай болған жоқ. Ол тоғыз үміткердің ішінен тек екі әскери қызметші – капитан Сапарбек Дәулеткерей мен 3-сыныпты сержант Аманжол Дүйсенбаевқа табысталды. Ал алты қатысушымыз байқаудың әртүрлі кезеңдерінде сүрінді.
4 күндік сынақта үміткерлер теориялық, әуе-десанты дайындығы, адам және жүк парашюті жүйелерін төсеуден тест тапсырды. Дене шынықтыру жаттығуларына 100 метрге жүзу, 100 метрге жүкпен жүгіру және белтемірдегі біріктірілген күштік жаттығулар кірді. Жауынгерлік даярлық нормативтерін орындау топографиялық карталармен, тактикалық медицинамен жұмыс істеуден, РХБ жеке қорғаныс құралдарын қолданудан, байланыс құралдарын дайындаудан, радиограммалар жіберуден және басқа да пәндерден тұрды.
Қазақстандық десантшылар үшін ең қиын кезеңдердің бірі азимут бойынша қозғалыс және 30 шақырымдық марш болды. Бейтаныс орманды-батпақты жер қазақстандық рельефтен айтарлықтай ерекшеленді. Бірақ бұл фактор біздің екі үміткерге ең қиын қашықтықты еңсеруге еш кедергі болмады.
Марштан кейінгі соңғы сынақта Сапарбек Дәулеткерей мен Аманжол Дүйсенбаев Беларусь Арнайы операциялар күштерінің мықты деген жауынгерлерімен қоян-қолтық ұрысқа түсті.
– Мен бұл төсбелгіні тағу құқығына үшінші әрекетімде ғана ие болып отырмын. Өткен жылдан бастап нормативтерді тапсыруға мақсатты түрде дайындалдым. Бұл өте қиын сынақ. Марштағы қашықтық та оңай болған жоқ. Әйтсе де, қолбасшымыздың сенімін ақтауға тырысып, қазақстандық десантшылардың не қолынан келетінін көрсеттім, – деді капитан Сапарбек Дәулеткерей.
Бұл белгі барлық күш-жігерге тұрарлық па деген сұраққа Дәулеткерей қазіргі заманғы ұрыс қимылдарында әскери қызметшінің жеке дайындығы үлкен маңызға ие деп жауап берді. Асимметриялық ұрыс қимылдарында тіпті жақсы дайындалған жауынгерлері бар шағын бөлімше де үлкенге айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін екенін көрсетті.
– Қазіргі қарулы қақтығыстарда олар санмен емес, қарумен емес, оқумен және шеберлікпен жеңеді. Ал бұл жарыс – өзімізді сынау мүмкіндігі, – деп қорытындылады офицер.
Фото: Қорғаныс министрлігі

Самое читаемое
