Елімізде сексуалдық cипаттағы қылмысты анықтау үшін жаңа сараптама енгізіледі
Жобаны іске асыру үшін Астана қаласының Сот сараптамалары ғылыми-практикалық орталығының 3 сот сарапшысы Беларусьте оқудан өтті.
Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли Астанада өткен брифингте Қазақстанда сексуалдық сипаттағы қылмыстың көбеюіне байланысты сексологиялық сараптама енгізілетінін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның атап өтуінше, ведомство халықаралық тәжірибені талдаған.
Елімізде сот-сараптамасының «Сот-сексологиялық сараптама» деген жаңа түрі енгізіледі. Халықаралық тәжірибені талдай келе соңғы кездері сексуалдық сипаттағы қылмыстар санының артуына байланысты Әділет министрлігі зерттеудің жаңа түрі «Сот-сексологиялық сараптаманы» енгізу жұмысын бастады, - деді министрліктің ресми өкілі.
Ол өз сөзінде жаңа сараптама не үшін керек екенін түсіндіріп өтті.
Сараптама тексерілушінің жыныстық, психосексуалдық дамуда қандай да бір ауытқуы бар немесе жоғы, ауытқулар байқалса, ол нені білдіреді, педофилдерді анықтау, тексерілушіге химиялық кастрация қажет пе, жоқ па деген сұрақтарға жауап береді. Жобаны іске асыру үшін Астана қаласының Сот сараптамалары ғылыми-практикалық орталығының 3 сот сарапшысы Беларусьте оқудан өтті, - деді Талғат Уәли.
Оның айтуынша, қазір «Сот-сексологиялық сараптама» түрі бойынша әдістеме әзірленіп жатыр.
Фото: Sputnik/Тимур Батыршин