Оппозиция қатыспаған сайлаудың өзі әділетті өткен жоқ
Тәуелсіз бақылаушы Бесжан КҮМІСБЕКТЕГІ кеше өткен мәжіліс және мәслихат сайлауы әділетті өткен жоқ деп есептейді. Оппозициялық партиясыз өткен сайлауда заңсыздықтарға куә болыпты. Бұл туралы ол «Жаңа Алаш» ютуб каналына берген сұхбатында айтты.
«Кеше таңғы бестен бастап сайлау процессін бақыладым. Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы 502 сайлау учаскісінде болдым. 2400 адам дауыс беруі тиіс еді. Тек қана 265 адам ғана келді. 12 заң бұзушылықты тіркедім. Қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарына дауыстарыңды «Ақ жол» партиясына беріңдер. Және бюллетеньді гармошка етіп тастаңдар деген болатын. Мен сондай 70 бюллетень көрдім. Бір топ жастар дауысымызды «Адалға» береміз деп ашық айтып келді. Тағы бір топ ағалар «Ауылға» дауыс бердік деп шығып жатты. Нақ менің учаскімде Nur Otan женген жоқ», - деді Бесжан Күмісбектегі.
Сондай-ақ, қоғамдық белсенді өзіне түрлі кедергілер жасалғанын айтады.
«Барлық заңсыздықтарды телефонға түсіресің ғой. Фото, видео дегендей. Бір кезде телефонымның қуаты таусыла бастады. Тоққа жалғайын десем рұқсат етпейді. Электор қуаты нашар. Компьютерлеріміз өшіп қалуы мүмкін дейді. Содан тәуелсіз бақылаушылар штабына хабарластым. Олар 5 метрлік тоқбау әкеп берді. Оны да қостырмай қойды. Ақыры телефонымды көрші бөлмеге зарядтауға апардым. 20 минуттан кейін алайын деп барсам есікті жауып кетіпті. Түрлі сылтаулар айтылып ол бөлменің кілті табылмады. Ақыры телефонымды кешкі 20-30 бірақ алдым. Сөйтіп түстен кейін қолым байланды да қалды. Тағы бір қызық оқиға болды. Дауыс беруге аяғы ауыр әйел адам келді. Шығып бара жатып басы айналып тұрып қалды. Сайлау комиссиясының төрағасы көмектесіп жібер дегесін сыртқа алып шықтым. Енді қайтып кірейін десем есікті жауып алған. Басқа жақтан айналып келгенімше бюллетеньдерді топтап тастап жіберген», - дейді Бесжан Күмісбектегі.
Сұхбатты толықтай аудио нұсқадан тыңдай аласыздар.
Фото: Malim.kz