"Қауымдастыққа сайланатын басшы керек"
"Отандас ел" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі , 1997 жылдан 2009 жылға дейін Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі болған Мұқан Мамытхан Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының басшылығына министрлер емес, қандастар мәселесін білетін, ұлтқа жаны ашитын адам келуі тиіс деп есептейді. Оның ойынша, келесі жылы өтуі тиіс қауымдастық құрылтайында қоғамдық ұйымдар төраға орынбасарлығына кандидаттар ұсынып, уәкілдер үміткердің біріне дауыс беріп, сайлағаны дұрыс. Мұқан Мамытханмен тоқтап қалған қазақ көшін жандандыру, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы мен "Отандастар" қорының жұмысы мен өзге ұлт өкілдерін қандай жағдайда "қазақ" деп жазуға болатыны жайлы әңгіме қозғадық.
– Қазақстан тәуелсіздік алғалы қандастарды елге шақырып, осы күнге 1 миллионға жуық қазақты шетелден көшірді. Алайда соңғы 3-4 жылда көш саябырсып қалды. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
[caption id="attachment_9697" align="alignleft" width="916"] Мұқан Мамытхан[/caption]
– Өзім елге 1996 жылы көшіп келіп, 1997 жылдан бастап Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаевқа кеңесші болдым. Сол жылдары Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы Қытай қазақтарын көшіру, олардың балаларын оқыту мәселесінде керемет жұмыс атқарды. Сол кездегі мемлекет басшысы Н.Назарбаев арнайы жарлық шығарып, сырттағы қазақты көшіруге квота бөлді. Сөйтіп, елге осы күнге дейін бір миллион қазақ көшіп келді. Бірақ енді бұл көш ақырындап тоқтай бастады. Міне, көштің тоқтағанына бес жылдай болып қалды. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншісі – биліктің ауысуы. Жаңа президент Тоқаев сайланғалы бір жарым жыл болды, көш коронавируске байланысты тоқтап қалған болуы керек. Мысалы, былтыр "Отандас ел" республикалық бірлестігі Қытайдағы 100 отбасыға шақырту жібердік. Оның 80-і ғана көшіп үлгерді. Қалған 20 отбасы коронавирусқа байланысты көше алмай қалды. Бірақ эпидемиологиялық ахуал тұрақталған соң, оларды көшіруді қолға аламыз. Асылы, Қытайда 1,5 миллион қазақ тұрып жатыр. Ең бастысы, Қытайдағы қазақ тілі мәселесі, бұрын қытай тілін бастауыштан оқытса, енді балабақшадан бастап оқытады. Енді он жыл ішінде Қытай қазақтарына қытайласып кету қаупі төніп тұр.
Мұны не үшін айтып отырмын? Өзім жетекшілік ететін "Отандас ел" республикалық қозғалысы жарғысында қандастарды көшіру, келгеннен кейін ықтиярхат, азаматтық алуға көмектесу жазылған. Бірақ асылы, бұл жұмысты Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы мен арнайы құрылған "Отандастар қоры" және көші-қон комитеті атқаруы тиіс. Бірақ олардың жұмысынан еш нәтиже көріп тұрғанымыз жоқ. Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы бұл жұмысты қолға алып тұрған жоқ. Ал "Отандастар қоры" "жұмыс істеп жатырмыз" дегенімен, ол көш жұмысы емес. Шетелдегі қазақтарға конференция, мүшәйра өткізу, кітапханалардың ашылуын ұйымдастыру тәрізді жұмыстар. Дегенмен қазір ән-күй жырлайтын заман емес. Қазір шетелдегі 5 миллион қазақты көшіріп әкелеміз бе, жоқ па, ең басты мәселе осы.
Қазақстан мемлекетінің мәңгілік болуы үшін, қазақ тілінің өркен жаюы үшін, Қазақстанның өсуі үшін екі түрлі демография бар. Біріншісі – шетелдегі қазақтарды алып келіп, халық санын көбейту. Екіншісі – ішкі туу процесін көбейту. Егер демографияны өзіміз өсіріп аламыз десек, жастарға жағдай жасап, 5-6 балалы отбасыларға үйді тегін беру керек. Ал егер сырттағы 5 миллион қазақты көшіріп алсақ, Қырғызстан мемлекетіндей халықты көшіріп алар едік. Егер өсеміз, қазақ мемлекеттілігін мәңгі етеміз, қазақ тілін мемлекеттік тіл жасаймыз десек, онда қазақтардан неге ақша аяуымыз керек?
Сырттағы қандастар елге келсе, масыл болмайды. Мысалы, Еңбекшіқазақ ауданында 20 мың қандас тұрады. Ассы жайлауында мал бағып жүргендердің 98 пайызы – қандастар. Алды 2 мың қой, арты 500 қой айдап жүр. Әрбір ауылдағы мал базарында сауда жасап жүргендер – негізінен оралмандар. Олар үй құрылыс салу мәселесінде де белсенді. Қысқасы, кез келген шаруаны дөңгелетіп әкетеді.
– Елге көшіп келген қандастардың қандай да бір мәселесі бар ма? Мал бағады деп айттыңыз, шаруашылыққа жер жете ме?
– Жер жетіспейді. Сондықтан Павлодар, Петропавл мен шығыста бос жатқан жерлерді қазақтармен толтырса, мал да өсіп, егістік те көркейер еді. Міне, осы тұрғыдан экономиканы айтамыз, жерді айтамыз, бірақ оны істейтін адам болуы керек қой. Бұл жақтан солтүстікке жылына 50-100 адам көшіп барады. онымен ол облыстар толықтанбайды. Мысалы, солтүстікте Сәбит Мұқанов ауылына жақын Екатерина деген ауылды көрдім. Бұрын 80-дей отбасы тұрған, қазір оның 20-сы ғана қалыпты. 60 отбасы Ресейге көшіп кеткен. Керемет салынған мектеп бос күйінде тұр. Сондай жерлерге қандастарды көшірсе, жерді игеріп алып кетеді.
– Қандастарды елге көшіру туралы айтып қалдыңыз. Ол үшін не істеу керек?
– Келесі жылы Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының кезекті құрылтайы өтуі тиіс. Заң бойынша құрылтай әрбір бес жылда бір рет өтіп тұрады. Дүниежүзі қазақтар қаумдастығына "жұмыс істемедің" деп айтсаң, олар "бізде қаражат жоқ" деген сылтау айтады. Қалдарбек Найманбаев қауымдастыққа жетекші болған кезде де ақша болмаған. Бірақ соның өзінде Қытайға барып, қандастарға Атажұртқа келуге үгіттеп, мыңдаған оқушыны елге әкеліп оқыттық. Қазір неге солай істемеске? Мәселе оны істеуге ниет бар ма, жоқ па дегенге келіп тіреледі.
Сондықтан Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының келесі құрылтайында қоғамдық ұйымдар төраға орынбасары қызметіне өз кандидаттарын ұсынғаны дұрыс. Бұған дейін төраға орынбасарлығына министрлерді қойып көрдік. Мысалы, Талғат Мамашевті. Ол өзінің министрлік идеясымен келді де, министрлік идеясымен кетті. Жақсы жұмыс істейді деп Зауытбекті алып келді. Ол да министр болған. Ол кісі де жұмысты алып кетудің жолын таппады, іздемеді, білетін адамдарды қасына тартпады. Сондықтан қауымдастық басшылығына қандастар мен көші-қон мәселесін білетін адамдарды қойса ғана жұмыс істейді. Сол себепті құрылтайда қауымдастық төрағасының орынбасарын мемлекет басшысы Тоқаев тағайындамай, қоғамдық ұйымдардан пікір сұрап, сол қоғамдық ұйымдар ұсынған кандидаттарды қарастырғаны дұрыс.
Қоғамдық ұйымдар қазақ көшіне жанашырлық танытып, ұлтын сүйетін азаматтарды біледі. Сөйтіп, құрылтайда екі кандидат ұсынсақ, құрылтайға қатысқан 300 уәкіл сол кандидаттардың бірін сайлай алар еді.
– Төраға орынбасарын Тоқаев тағайындамай, қоғамдық ұйымдар ұсынсын деп қалдыңыз. Бірақ Тоқаев Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының төрағасы емес қой?
–Иә, қауымдастықтың төрағасы елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Бірақ елбасы президент емес, ал қандастарға квотаны тікелей президент бөледі. Сондықтан қауымдастық төрағасы Тоқаев болуы тиіс. Себебі ол облыстарға мынанша отбасыны қоныстандыр, жер бер деп облыстарға бұйрық бере алады.
Қысқасы, құрылтайда қоғамдық ұйымдар ұсынған кандидатты талдап, дұрыс па, бұрыс па, тексерсе... Біз қауымдастықтың төраға орынбасарына кандидатты қандастардан емес, жергілікті қазақтардан ұсынбақпыз.
– Ол кім?
– Мысалы, Алматы облысында ішкі істер басқармасының төлқұжат бөлімінде он жылдан артық болған, қазір зейнетке шыққан Төлеужан Жүндібаев. Елге көшіп келген қандастардың көпшілігі, 195 мың қандас Алматы облысына қоныстанды. Осы қазақтардың азаматтыққа өтуі, ықтиярхат алуы, олардың түрлі проблемаларын шешуге әу бастан көмектесіп келді. Мысалы, Қазыбек Иса. Ол да тіл, ұлттық мәселелерді көтеріп жүр. Министр, депутаттарды ұсына бермей, сондай жанашыр азаматтарды ұсынып таңдаса дұрыс болар еді. Өйткені министрлер арбадан қайтқан ат сияқты. Арбадан қайтқан ат екінші рет арбаны сүйремейді. Олар қызметтен жалыққан, сүйреуден қайтқан, құр сылап сипап өтіп кетуге дағдыланған.
– Қоғамдық ұйымдар құрылтайға қатысып кандитатын ұсына ала ма?
– Осы жерде екінші мәселенің төбесі қылтияды. Құрылтайға сырттан келетін және іштегі уәкілдер қатысады. Ол іштегі уәкілдер кімдер? Өңкей мақтайтындар, жақсы сөз сөйлейтіндер. Сондай қоғамдық ұйымдарды шақырып алып, "300-500 адам қатысты, құрылтай нәтижелі өтті"дейді. Нақты мәселелерді көтеріп, пікірін ашық айтатын ұйымдарды шақырмайды.
Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы көші-қон ұйымдастыра ма, онда оның қызметін күшейту керек. Ал "Отандастар қоры" әлемдегі 5 миллион қазақтың көшіп келуі, ішкі көші-қоны, ықтиярхат пен азаматтық алуға көмектесетін ұйымға айналуы керек.
– Сіз кезіндегі көші-қонмен салыстырып отырсыз. Бәлкім, көштің тоқтап қалуының бір себебі Атажұртқа оралуға ынталы қандастардың көшіп келіп алуы шығар?
– 96-жылы көшіп келгенде Қытайдағы жағдайым жақсы еді, аудан әкімі дәрежесіндегі қызмет атқардым. Бірақ сол уақытта елге зиялылар көшіп келді. Не үшін? Өйткені олар отаншылдық идеясын ұстанды. Осы егемен елдің уығын бірге шаншысып, қиыншылығын бірге көрсек, балаларымыз осында өссе деді. Сондықтан елге көшіп келген 1 миллион қандас отаншыл да, сыртта жүрген 5 миллион қазақ отаншыл емес деуге болмайды. Олар да Отанын сүйеді. Тек сол көшті ұйымдастыру керек. Мысалы, Моңғолия қазағына тиісіп жатқан ешкім жоқ, жері бар, мал бағады. Оларға қазақ елінде де жер бар, келіп мал баға аласыңдар деп түсіндіру керек. Өзбекстандағы қазақтарға жер жетпейді, бірақ елге көшіп келуі қиын. Өйткені үйін сата алмайды, азаматтықтан шығуы қиын. Тағы бір себебі, оларды ұйымдастырып, ие болып жатқан адам жоқ. Ал Қытай қазағының жағдайын өздеріңіз жақсы білесіздер. Ол елдің заңы 5 жылда қатты қатайды. Торғайды шекарадан өткізбейтін жағдайға жетті. Қытайдағы қазақтың көшіп келе алмайтын тағы бір себебі, диқандар, малшылардың үйі арзандап кетті. Үйімізді сатып кетсек, Атажұртқа барған соң үй сатып ала алмасақ, мал сатып ала алмасақ, жағдайымызды қалай реттейміз деп уайымдайды. Сыртқы істер министрлігі Қытаймен келіссөз жүргізіп, қандастарды елге көшіруге келіссе, олар көшуге дайын отыр.
– Көшіруді былай қойғанда, қысым көрсетіліп жатқанда қауымдастық үнсіз қалды...
– Шетелдегі қазақтар қауымдастық не дер екен деп көп күтті. Бірақ қауымдастықтан үн шықпады. "Бидай наның болмаса да, бидай сөзін жоқ па еді" дегендей, ең болмаса "сендерді ойлап, біліп жатырмыз, үкіметке жеткіземіз" деуіне болар еді ғой.
– Бағанадан бері мемлекеттілік, көші-қон, қазақ санын көбейту туралы айттық. Жақында Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Майя Бекбаева өзге ұлт өкілдері қазақ деп жазылса деген бастама көтерді. Мұны қолдайсыз ба?
– Бұл жерде АҚШ-тағыдай американдық ұлт жасағысы келетіндей. Бірақ ағылшын тілі – әлемдегі бірінші тіл, білім, ғылым ағылшын тілінде. Ал біздің ұлттық тілімізді кім үйренгісі келеді? Олай жасайтындай бүкіл ғылым қазақ тілінде сөйлеп тұрса бір жөн екен. Ақын-жазушылардың өлеңдерінен басқа неміз бар?
Ал егер басқа ұлттарды қазақ деп жазатын болсақ, мына шарттар сақталуы тиіс. Мемлекет тілі де, ұлтаралық қарым-қатынас тілі де қазақ тілі болуы тиіс. Екінші шарт – әр ұлтқа өз алдына мектеп ашып бермеу керек. Ашып бергенде де ол тек қазақ тілімен ғана университетке түсе алатын болуы керек. Ал ондай шарттар болмаса, қазақ тілі мемлекет тіліне айналмаса, "қазақ" деп жазғаннан не пайда?
Асылы, егер ұйғыр, татар, әзірбайжан ұлтына ұлтаралық тіл қазақ тілі болады десек, олар қазаққа сіңіп кетеді. Қазір сіңбей тұрғаны ұлтаралық қарым-қатынас тілі орыс тілі болып тұр. Сондықтан қазақ деп жазыласың ба, онда қазақ тілін біліп, қазақ тілінде білім алып жұмыс істеуге міндеттісің.
– Әңгімеңізге рахмет!