Шерзат Болат ісі: Сотта куәгер әйелдің тергеуде берген жауабының видеосы көрсетілді

Талдықорғанда Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі бүгін де жалғасты. Осы іс бойынша куәгер Эльмира Нұрбекова сот залында жауап беріп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Эльмира Нұрбекова 1992 жылы дүниеге келген. Оны кафеге сотталушылардың бірі арнайы шақырған. Бәрі бірге жиналып, алдымен кафеде отырған. Кейін олар дүкеннің алдына барған. Төбелес басталған кезде Эльмира Нұрбекова жігіттерді сабырға шақырып, жағдайды тыныштандыруға әрекет жасағанын жеткізгенін өткен сот отырысында мәлімдеген болатын.
Адвокат Мейірман Шекеев бүгінгі сотта Эльмира Нұрбекованың тергеу барысында қазақ тілінде жауап бергенін, бірақ сотқа келіп, орыс тілінде жауап беріп жатқанына назар аударды. Тергеу мен соттағы жауабы неге екі түрлі шыққанын куәгердің өзінен сұрады.
"Сіз 5 қазанда берген жауабыңызда Абзалдың қай жерге пышақ сұққанын дәлме-дәл айтып бердіңіз. Сізге ол қайдан белгілі? Мен сот материалдарын зерттеген кезде 11 қарашада ғана сараптама шыққан. Сол кезде ғана білдік. Сұрағымды нақтылап жатырмын. Сіз “көрген жоқпын, білген жоқпын” дейсіз, бірақ Шерзаттың денесіне пышақ қалай тығылғанын – қалай болғанын біреу сізге айтты ма, әлде өзіңіз сөйтіп жауап бердіңіз бе? 5 қазанда бәрін сіз дәл айттыңыз", – деді адвокат.
11 қазанда жауап алынғанда Эльмира Нұрбекованың сөзі видеоға жазылған.
"Бізді ұстаған кезде екі күн бойы ұйқысыз өткіздік. Тамақ іше алмадық. Ішкі істер бөлімінде 100-ге тарта адам бізден жауап алды. Сол кезде тіпті олар не сұрағанын да білмеймін. Орыс тілінде жауап бердім. Олар қазақша қалай аударып отырғанына назар аудармадым. Үйге қайту үшін алдыма келген қағазға қол қоя бердім", – деді Эльмира Нұрбекова.
Фото: Видеодан скрин