Temirtau Run 2025: Металлургтер күніне арналған кешкі жүгіру жүздеген адамды біріктірді

Теміртауда Металлургтер күніне арналған Temirtau Run 2025 атты кешкі жүгіру шарасы өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Жүздеген қатысушы — Qarmet, Allur компанияларының қызметкерлері, жүгіру клубтарының мүшелері, қала тұрғындары мен қонақтары — спорт, мереке және бірлік атмосферасында өздеріне ыңғайлы қашықтықты бағындыру үшін стартқа шықты.
Қатысушылар дайындық деңгейіне қарай бірнеше қашықтықтың бірін таңдай алды — символдық 2,5 шақырымнан бастап 10 шақырымға дейін. Жүгіру маршруты мұқият жоспарланған: стадион айналасында орналасқан трассаның старт және мәре сызығы қаланың Тарихи-мәдени орталығы артындағы концерттік сахна маңында болды. Жаңа бастағандар мен тәжірибелі спортшылар үшін барлық жағдай жасалды. Уақытты дәл есептеу үшін MyLaps кәсіби құрылғысы қолданылды.
Іс-шара сағат 18:00-де тіркеу және старттық пакеттерді тарату арқылы басталды. Әр қатысушыға чипі бар жеке нөмір және шара логотипі бейнеленген фирмалық футболка берілді. Мәреде қатысушыларды естелік медальдар, жеміс-жидектер мен су күтіп тұрды.
Жүгірудің ресми басталуы сағат 19:00-де болды. Кейбір қатысушылар креативпен көзге түсті — трассада костюм киіп жүгіргендерді де көруге болатын. Көпшіліктің назарын Qarmet компаниясының қызметкері, Temirtau Run бастамашысы Алексей Сидоренко аударды — ол жүгіріс қашықтығын болат балқытушының киімінде жүгіріп өтті.
«Біз көңілді, ұйымшыл әрі спорт сүйгіш командамен жиналдық. Әркім өзіне лайықты қашықтықты таңдады. Өзім 2,5 шақырым жүгіріп, қатысушыларды қолдап, трассаға жақсы көңіл-күй сыйлауға тырыстым. Атмосфера керемет: тұрғындар қол шапалақтап, отбасымен қолдау көрсетті. Temirtau Run — бұл алға жылжу, ұжымдық рухтың көрінісі. Уақыт өткен сайын бұл шара ауқымдырақ болатынына сенімдімін. Qarmet компаниясында еңбекке де, спортқа да орын бар – біз бірге үлкен мақсаттарға жетеміз», – деді Алексей Сидоренко.
10 шақырым қашықтықта ерлер арасында Қарағандыдан келген Илназ Басыров жеңімпаз атанды:
«Трасса оңай болған жоқ, әсіресе жел қатты кедергі келтірді – жылдамдықты бәсеңдетіп, күшті тез сарқып тастайды. Бірақ маған бәрі ұнады! Біз клубпен толық құрамда келдік. Жүгіріп жүргеніме алты жыл болды, жиі жүлдеге ілігем. Теміртауда бұған дейін де жүгіргенмін – күзде қатысқанмын. Бүгін сенімді болдым: бірінші келу керек! Үйде жеңілуге болмайды!», – деді ол.
Temirtau Run 2025 – бұл тек спорттық шара емес, елдің металлургиялық қуатын қалыптастырып жатқан еңбек адамдарына көрсетілген құрметтің символы. Бұл – тек қана шақырым мен жылдамдық емес, бұл – қолдау, бірлік пен ұрпақтарды біріктіретін салауатты өмір салты туралы оқиға.
Фото: Qarmet

Ең көп оқылған
