Тойдағы жаппай улану: Павлодарда мейрамхана иесі сотталды

Павлодарда отбасылық мереке кезінде қонақтардың жаппай улануына себеп болған мейрамхананың жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Еске салсақ, 2025 жылғы 7 маусымда Павлодар қаласында, қаладағы мейрамханалардың бірінде өткен көпшілік іс-шараға қатысқан адамдар зардап шегіп, жедел бактериалды ішек инфекциясының өршуі тіркелген болатын.
Павлодар қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, тергеу 2025 жылғы 8 маусымда жедел жәрдем станциясынан 7 маусымда аталған мейрамханада болған азаматтарда инфекция белгілері анықталғаны туралы хабарлама келіп түскеннен кейін басталған.
«9 маусымда қызметті тоқтату туралы қаулы табысталғанына қарамастан, мейрамхана жұмысын жалғастырған. Тек сол күні – 9 маусымда жедел бактериалды ішек инфекциясы диагнозымен 18 шұғыл хабарлама тіркелді», – делінген сот хабарламасында.
Сол күні санитарлық дәрігерлер эпидемиологиялық тергеп-тексеру жұмысын бастап, зертханалық сынамалар алған. Нәтижесінде мекеме санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды өрескел бұзып, тиісті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істегені анықталды.
Аталған санитарлық талаптарды өрескел бұзуға байланысты мекеме иесіне қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Сот отырысында кәсіпкер өз кінәсін мойындап, оқиғаны «абайсыздықпен кеткен» деп түсіндірді. Алайда сот ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігін басшылыққа ала отырып, келесідей шешім шығарды:
мейрамхана иесіне 275 240 теңге көлемінде айыппұл салу;
мейрамхана қызметін 1 ай мерзімге тоқтату.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Фото: pixabay


Ең көп оқылған
