Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң күшіне енді. Сарапшылар не дейді
Күш қолданғандар қандай жауапқа тартылады?
15 маусымнан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшіне енді. Осыдан кейін әйелдер құқығы мен бала қауіпсіздігіне байланысты не өзгереді? Қоғамға әсері қандай? Malim.kz мамандар пікірін жариялайды.
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың пікірінше, заң қоғамды өздігінен өзгерте алмайды. Оның қабылдануы бір бөлек, орындалуы бар.
«Қанша жерден заң қатаң болып тұрса да оны жүзеге асыратын институттардың сапасы төмен болса, онда ол нормалар жұмыс істемеуі мүмкін.
Заңмен қатар институттар да өзгеруі керек. Институттардың өзгеруі құрылымдық реформаларды қажет етеді. Мысалы, ішкі істер органдарында жұмыс істейтін адамдардың кәсіби біліктілігі, моральдық деңгейі қандай?
Орташа статистикалық позицияны алатын болсақ, оған, әрине, айтылар мін көп.
Сондықтан, жаңа заңкүшіне енгенімен,бірдеңе өзгеріп кетеді деп айту қиын.
Заңның жүзеге асуын бақылау, оған сараптама жасап, қорытынды шығару өте маңызды. Мұның жарты жылдан кейінгі әсері қандай болады, оны білу үшін арнайы сараптамалық-зерттеу жұмыстары керек, талқылануы қажет. Заңдұрыс жұмыс істемесе қайта оралып соғып, не себепті деген сұрақ төңірегінде талқы жасап, басқа да факторларды анықтау өте маңызды», - дейді ол.
Ал заңгер Айман Омарова бұл заң әлдеқайда бұрын қолданысқа енуі керек еді деген пікірде.
«Аталған заңның артында құрбан болған қанша әйел мен баланың қаны мен жаны тұр. Оның жемісін ертең немесе бірсүгіні көрмеуіміз мүмкін, бірақ, біздің ұрпақ, одан кейінгі ұрпақ еркін саналы, азат болады деп сенемін. Бұл заңды біз әлдеқашан, отыз жыл бұрын қабылдауымыз керек еді.Қолданысқа енген заң – қоғамдағы әділеттің үстемдік құруына жасалған бір табан қадам дер едім.
Аталмыш іске тек зорлық-зомбылықпен күрес деп қана емес, қоғамды жайлаған жемқорлықпен, әділетсіздікпен күрес деп қарауымыз керек.
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың пайымдауынша,әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға пәрмен бар. Ендігі кезекте бұл заңды қолдай отырып, еркектердің де құқығын ескеруіміз керек.
«Мысалы, үш баласы бар, жұмыс істеп жүрген адам болса алимент бойынша жалақысының жартысын төлеуге тиісті. 200 мың теңге жалақы алатын болса, соның 100 мыңын өтейді. Егер жұмыссыз жүрсе тұрғылықты қаласындағы орташа жалақының жартысын төлеуі қажет. Бізде бұл сома қателеспесем 170 мың. Жұмыссыз жүрген азамат, қызметі бар адамға қарағанда екі есе көп алимент төлеуге міндетті. Осындай олқылықтардың орнын толтыруымыз керек. Содан кейін, неке қатынастары жайын да ойластыру керек. Ер мен әйел отбасы құрып, уақыт өте келе ажырасатын болса қайтпекпіз? Бұл жөнінде де қам-қарекет жасауға тиіспіз. Осы жағын міндетті түрде реттеу қажет».
Отбасында ойран салып, бала-шаға мен әйеліне әлімжеттік көрсететіндердің басым бөлігі жазадан сытылып кетеді. 2021 жылы Қазақстанда Үкіметтік емес ұйымдар жүргізген зерттеуге сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандардың 40 пайызы ғана сот алдында жауап берген. Және олардың 60 пайызы кешіріліп, қалғаны 2 сағаттан 3 күнге дейін әкімшілік қамауға алынды.
Осындай мәліметтерді алға тартқан Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова отбасылық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін заңды қатаңдату және оның сапалы орындалуын жүзеге асыру қажеттігін айтқан болатын.
«Заңға бағыну және тәртіп орнату – Президент айқындаған құқықтық, қауіпсіз, әділетті қоғам құрудың жалғыз жолы. Заңдылық пен тәртіп қағидатын орнықтыру ісі балаларға қарсы қылмыс, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуден бастау алады. Қоғам болып Заңның орындалуын және құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеу мәдениетін қалыптастырып, дамыту қажет. Заңның қоғамдық санаға әсерін өлшеудің бірнеше тәсілдері бар, бірақ дәл осы Заңның күшіне енуі миллиондаған әйелдерге үміт, агрессор және абьюзерді жазалауға сенім сыйлады. Шынайы қауіпсіз, құқықтық қоғам құру жолдағыхалықтың сұранысының орындалғаны деп айтуға толық негіз бар. Аталған Заңдар теңсіздікке, қорлық пен зорлыққа, қатыгездік пен озбырлыққа қарсы тұру, 16 жасқа толмаған балалардың ар-намысын таптатпауға құқықтық негіз деп санаймыз»,- дейді мәжілісмен.
Жаңа «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңмен» бірге қылмыстық, қылмыстық-процестік кодекстер мен әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілді. Бұл жөніндеҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров түсіндірді. «Енді денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 200 қоғамдық жұмыс не 50 тәулікке қамауға алу жазасы қолданылады. Егер жәбірленуші құқықбұзушыға тәуелді жағдайда болғанда тіптен бас бостандығынан 2 жылға айыру шарасы қарастырылған.
Ұрып-соққаны үшін 80 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 25 тәулікке қамауға алынады».
Фото: Inbusiness.kz