Кейбір автомектептердегі оқыту сапасы төмендеп барады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов мәлім етті, деп хабарлайды Malim.kz.
- Заң жобасы жүргізушілерді даярлайтын мектептердің қызметін реттеуді көздейді. Қазіргі уақытта елімізде 727 автомектеп бар. Олар «хабарламалық» тәртіп бойынша жұмыс істейді, яғни автомектепке рұқсат алудың қажеті жоқ. Egov порталы арқылы қызметтің басталғаны туралы хабарлама жіберу жеткілікті. Мемлекет оларды алдын ала тексермейді. Бақылау жүргізілмейді. Бұл кейбір автомектептердегі оқыту сапасының төмендеуіне әкеліп соғып отыр. Сондықтан автомектептердің қызметіне рұқсат беру тәртібі енгізіледі. Мұндай рұқсаттарды алу үшін оқу ұйымдарының жылжымайтын мүлкін пайдалану құқығын растайтын, оқу-материалдық базасын айқындайтын құжаттардың, даярлық бағдарламаларының болуы, сондай-ақ оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің тізімдерін ұсыну талап етіледі, - деді Н. Сабильянов.
Сонымен қатар, автомектептердің тізілімі (реестр) құрылады, оны Ішкі істер министрлігі жүргізеді. Автомектептердің қызметі заң талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, олар тізілімге енгізілмейді және жұмыс істеуге рұқсат етілмейді. Бұл өз кезегінде бақылауды күшейтуге, автомектептердегі оқу сапасын арттыруға оң әсер етеді және адал бәсекелестікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қауіпсіздігін цифрландыру және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.