Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысының ардагері Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағын берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, соғыс жылдарында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағы қайтыс болғаннан кейін берілді. Сонымен қатар оған айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені табысталды.
Деректерге сүйенсек, Кенжебай Мәденов соғыс кезінде Берлин қаласындағы ратуша ғимаратының үстіне алғашқылардың бірі болып Қызыл туды тіккен. Бұл ерлік соғыстың соңғы күндері туралы жазылған кітаптарда да баяндалған.
1948 жылы жарық көрген «Берлинді шабуылдау» кітабында жараланғанына қарамастан, Мәденовтің ратуша күмбезіне көтеріліп, неміс туын түсіріп, Қызыл туды орнатқаны айтылады. Ол бұл әрекетті комсомол ұйымдастырушысы К. Громовпен бірге жасаған.
Ерлігі үшін Кенжебай Мәденов Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Соғыстан кейін ол Гурьев қаласындағы мемлекеттік қауіпсіздік органдарында ұзақ жыл қызмет етті. Отбасында жеті бала тәрбиелеп өсірген.
Қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментінде батырдың жеке заттары сақталған музей бар. Сонымен қатар қаладағы көшелердің біріне оның есімі берілген. Кенжебай Мәденов 1974 жылы өмірден өтті.