Қазақстан 2027 жылдан бастап Ресейден электр энергиясын сатып алудан бас тартуы мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы Қазақстанның энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді. Оның айтуынша, елде өз энергетикалық қуаттар қарқынды дамып жатыр.
«Егер осы жылдың соңы – келесі жылдың басында жоспарланған барлық энергетикалық нысандарды іске қоссақ, 2027 жылы біз Ресейден электр энергиясын мүлде сатып алмайтын шығармыз», – деді ол.
Есімхановтың сөзінше, 2024 жылы Қазақстандағы электр энергиясының тапшылығы 2,1 млрд кВт⋅сағ болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен 1,5 млрд кВт⋅сағ-қа дейін азайған.
Ал бұған дейін Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін жаңа қуаттарды іске қосу арқылы ел экономикасының электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын айтқан.
Министрдің мәліметінше, қазіргі таңда жалпы қуаты 15,3 ГВт болатын 81 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаларға салынатын инвестиция көлемі 13 трлн теңгеден (шамамен 24 млрд еуро) асады.