Ресейде мектеп бітірушілерге арналған кештерде шетелдік әндерге вальс билеуге бірқатар шектеулер енгізіле бастады, деп хабарлайды Malim.kz.
Mash басылымының дерегінше, бұл өзгерістер "орыс тілін қорғау туралы" заңға байланысты қабылданған. Соның нәтижесінде білім беру мекемелеріндегі іс-шараларда шетелдік музыканы қолдануға қойылатын талаптар күшейтілген.
Мысалы, Рязань облысындағы Фомин атындағы мектептің 11-сынып оқушылары бітіру кешіне бірнеше ай дайындалып, "Shape of My Heart" композициясына вальс қоюды жоспарлаған. Олар хореограф жалдап, дайындыққа қаржы да жұмсаған. Алайда мектеп әкімшілігі соңғы сәтте бұл таңдауға тыйым салып, әнді бағдарлама тізімінен алып тастаған.
Оқушылардың қарсылығына қарамастан, қойылым Последний вальс әніне ауыстырылған. Осыдан кейін түлектер жаңа композицияға бейімделіп, дайындықты жалғастырған.
Ұқсас жағдайлар Ярославль және Тамбов облыстарында да тіркелген. Бұл өңірлерде Тони Брэкстон мен Уитни Хьюстон әндеріне қойылған билерге де шектеу қойылған.
Ал Рязань облысының Білім министрлігі мектеп іс-шараларындағы контентке қосымша талаптар енгізуге құқылы екенін мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай шешімдер федералдық заңдар мен ішкі ережелерге негізделеді. Сондай-ақ қолданылатын музыкалық туындылар оқушылардың жас ерекшелігіне және дәстүрлі құндылықтарға сай болуы тиіс.