ТЖМ ата-аналарға үндеу жасады

Күн жылынғалы бері Қазақстанның түрлі өңірлерінен балалардың терезеден құлап кеткені туралы жаңалықтар жиілей түсті. Олардың көпшілігі қайғылы аяқталады. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналарға қауіпсіздік ережелерін тағы бір еске салды, - деп хабарлайды Malim.kz.
Балаларды терезеден құлап кетуден сақтау үшін терезелерге арнайы бекіткіштер орнату қажет. Өйткені маса торы баланы құлаудан қорғай алмайды. Мұндай бекіткіштердің бағасы шамамен 2 500–3 500 теңге аралығында, оларды өз бетіңізше орнатуға болады.
Басқа да ұсыныстар қатарында:
- – балаларды қараусыз қалдырмау;
- – терезе маңына жиһаз қоймау.
"Сондай-ақ балаларға терезе мен балкон маңында ойнаудың қауіпті екенін түсіндіру қажет", – деп атап өтті министрлік.
Бала терезеден құлаған жағдайда ата-аналар қандай жауапкершілікке тартылады?
ҚР ӘҚБтК 127-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған баланың тәрбиесі, оқуы, құқықтары мен мүдделерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және күтім жасау жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін ата-анаға немесе заңды өкілге 10 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 39 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда – 15 АЕК (58,9 мың теңге) немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.
Кейінгі оқиғалар:
- – 13 сәуірде Павлодарда бесінші қабаттың терезесінен екі жасар бала құлап кетті. Ол әжесінің үйінде болған. Бала жабық бас сүйек-ми жарақатын, ми шайқалуын, ми мен іштің соғылуын, өкпенің контузиясын алған. Қазір ол комада.
- – 17 сәуірде Ақтөбеде екінші қабаттың терезесінен алты жастағы қыз құлап, ауыр халде ауруханаға жеткізілді.
- Сәуірдің бір аптасында ғана Астана, Қарағанды, Теміртау, Көкшетау және Степногорск қалаларында осындай жағдайлар тіркелді. Екі бала қаза тапқан.
2024 жылы Қазақстанда терезеден құлаған балалар саны 200-ден асты, олардың 12-ден астамы көз жұмды.
Фото: pixabay.com

Ең көп оқылған
