Ұлттық кітап күні: 500 метрлік гүлзар алаңында ақтөбеліктер кітап әлеміне саяхаттады
23 сәуірде Ұлттық кітап күнінде және ұлы ақын Абайдың 180 жылдығы қарсаңында Ақтөбеде ерекше шара өтті

23 сәуірде Ұлттық кітап күнінде және ұлы ақын Абайдың 180 жылдығы қарсаңында Ақтөбеде ерекше шара өтті, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Абай даңғылы бойындағы 500 метрлік гүлзар алаңы әдебиет пен өнердің, технология мен руханияттың тоғысқан алаңына айналды. Алғаш рет өткен «Кітап әлемі» атты book tourism форматындағы мерекелік шара қала жұртшылығын шынайы әдеби сапарға жетеледі.
Рухани-танымдық шара «Кітаппен дос боламыз» атты жарқын флешмобпен ашылды. Қатысушылар арасында мектеп оқушылары, кітапхана қызметкерлері және жас өнерпаздар бар. Алаңда орнатылған LED экраннан кітап туралы бейнероликтер көрсетіліп, жиналған қауымға айырықша әсер қалдырды.
Салтанатты ашылу сәтінде облыс әкімі Асхат Шахаров, өңіріміздің танымал ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, кітаптың адам өміріндегі маңызына мән берді.
«Бүгін елімізде Ұлттық кітап күні атап өтіледі. Өздеріңізге мәлім, бұл күн Мемлекет басшысының оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамасы және үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында айтылған үндеу негізінде ресми түрде бекітілді. Облыс көлемінде кітапхана ісін жаңғырту, цифрлық ресурстарды дамыту, жас оқырмандардың қызығушылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінгі күні облыс кітапханаларының жалпы кітап қоры – 3 506 381 дананы құрайды. 2024 жылы кітапхана қызметін 297 837 адам пайдаланды. Сонымен қатар, биылғы жылы кітап қоры 64 353 жаңа басылыммен толықты. Біз кітапханаларды жаңғырту, цифрландыру бағытындағы жұмыстарды да жалғастырамыз», - деп атап өтті Асхат Шахаров.
Мәдени шараның басты ерекшеліктерінің бірі – әдеби шығармалардың кейіпкерлерінің «тірілуінде». Т.Ахтанов театрының әртістері Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза Әли мен Қуандық Шаңғытбаевтың бейнелерін сомдап, өлеңдерін нақышына келтіре орындады. Пушкин мен Лермонтов бейнесі де бұл шарадан табылды. Балалар мен жасөспірімдер, жастар, үлкендер әдебиет алыптарымен естелік суретке түсті.
Сондай-ақ, көпшілік назарына ұсынылған әдеби мюзикл – «Сезім мен сырдың ақыны – Мұқағали Мақатаев» қойылымы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжі ақынның терең ойлы жырлары мен жүрек тебірентер сазды әуендерін үйлестіре отырып, сахнада шынайы рухани көріністі паш етті.
«Алақай» қуыршақ театры, С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы, Ahash Media Studio оқушылары әзірлеген әдеби монтаждар, «Ақтөбе – өлең өлкесі» атты поэтикалық композициялар әдебиеттің сан қырын аша білді.
«Бүгінгі шара бізге кітап тек парақ емес, ол – өмірдің өзі екенін еске салды. Немереммен бірге келдім. Оған бәрі қызық, тіпті роботтар мен ертегілер көрмесіне кіріп, кітап оқуға деген құштарлығы оянғандай болды», – дейді зейнеткер Сара апай.
Шараның тағы бір ерекшелігі – үш бағыттағы көрменің ұйымдастырылуында. «Абай мұрасы» көрмесінде ұлы ақынның еңбектері мен ұлттық әдеби мұралар таныстырылды. «Интернет кафе» бөлімінде заманауи технологиялар мен робототехника бұрышы жасақталып, балалар жаңа білім әлеміне үңілді. Ал «Ертегілер елінде» кеңістігі кішкентайларға арналған әдеби-танымдық әлемге айналды.
Әрбір көрмені өңір басшысы жіті қарап шықты. Оқушылардың жатқа оқыған өлең жолдарын тыңдап, өнерлерін тамашалап, олармен кітап туралы әңгімелесті. Бірнеше кішкентай ақтөбелікке арнайылап сол жердегі кітап дүкендерінен кітап сатып алып беріп, үлестірді.
Бүгінгі шараны өткізудегі басты мақсат – кітап оқуды насихаттау, жастар мен балалардың әдебиетке қызығушылығын арттыру, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу.
Шара ұйымдастырушылары әр сенбінің кешінде сағат 18:00-20:00 аралығында қала тұрғындары үшін 5 алаңда (Абай даңғылындағы гүлзар, Н.Байғанин кітапханасы орналасқан алаң, Әдебиет алаңы, Триатлон және Астана саябақтары) жылжымалы кітап көрмесі ұйымдастырылмақ.
Фото: Ақтөбе
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
