Үндістанның Уттар-Прадеш штатындағы Джаунпур қаласында 24 жастағы азамат медициналық университетке түсу үшін әдейі өзіне ауыр жарақат салған. Ол осы жолмен мүгедектік туралы анықтама алуды көздеген, деп хабарлайды Malim.kz.
The Times of India басылымының мәліметінше, фармацевт мамандығы бойынша білім алған Сурадж Бхаскар полицияға екі бейтаныс адамның өзіне шабуыл жасап, ауыр жарақаттағанын айтып шағымданған. Осыған байланысты құқық қорғау органдары бастапқыда "адам өлтіруге оқталу" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Алайда тергеу барысында жігіттің берген жауаптары бір-біріне сәйкес келмей, ол бірнеше рет оқиғаның мән-жайын өзгерткен. Көп ұзамай шындық оның жеке күнделігінен белгілі болды. Ондағы жазбаларда Сурадж 2026 жылы медициналық оқу орнына түсуді жоспарлағаны және жеке өміріне қатысты ойларын қағазға түсіріп жүргені анықталған.
Тергеу кезінде жігіттің сүйіктісі де түсініктеме беріп, Сурадждың медицина факультетінде оқуға қатты құмартқанын, бұған дейін шетелдегі медициналық ұйымдар арқылы қажетті құжаттарды рәсімдеуге тырысқанын, алайда бұл әрекеттері нәтиже бермегенін айтқан.
Полиция "шабуыл" болған түні Сураджға ешкімнің жақындамағанын анықтады. Ақырында ол барлығын өзі ұйымдастырғанын мойындап, мүгедек мәртебесін алу үшін жарақатты әдейі жасағанын жеткізген. Тергеу нұсқасын оның үйінің маңынан табылған медициналық құрал-жабдықтар да растады.