Ақмола облысында адам органын заңсыз сату әрекетінің жолы кесілді. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Полиция мәліметінше, Алматы облысының тұрғыны әлеуметтік желілерде өзінің бүйрегін 25 мың долларға сататыны туралы хабарландыру жариялаған.
Бұл хабарлама ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерінің назарын аударған. Жедел қызметкерлер арнайы іс-шаралар кешенін өткізіп, ер адамды Көкшетауда ақша сомасының бір бөлігін алып жатқан сәтінде ұстады.
Тергеу барысында анықталғандай, бұған дейін де қазақстандық осындай хабарландырулар жариялаған.
Ұстау кезінде полицейлер ақша қаражатын, ұялы телефонды, сондай-ақ медициналық анықтамалар мен талдау нәтижелерін тәркілеген.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, болған жайттың барлық мән-жайы анықталуда.
Полиция өкілдері Қазақстанда адам органдарын сатып алу мен сатуға заңмен тыйым салынғанын және мұндай әрекет сатушыға да, делдалдарға да, сатып алушыларға да қылмыстық жауапкершілік жүктейтінін еске салды.