Өзбекстанда әуежайлар, автовокзалдар мен автостанциялардың атаулары мемлекеттік тілдің ережелері мен нормаларына сәйкестендіріліп, бірқатар нысандарға жаңа атаулар беріледі. Бұл туралы Министрлер кабинеті қаулысында айтылған, деп хабарлайды Malim.kz uznews.uz-ке сілтеме жасап.
Құжатқа сәйкес, Көлік министрлігі 3 ай мерзім ішінде мыналарды орындауға міндетті:
— әуежайлар, автовокзалдар мен автостанция атауларын мемлекеттік тілдің ережелері мен нормаларына сәйкестендіруге, сондай-ақ оларға жаңа атаулар беруге байланысты тиісті құжаттарға, карталар мен дерекқорларға өзгерістер енгізу;
— әуежайларда, автовокзалдар мен автостанцияларда орнатылған маңдайшалар мен ақпараттық көрсеткіштердегі жазулардың мемлекеттік тілдің талаптарына сай, латын әліпбиі негізінде өзбек тілінде рәсімделуін қамтамасыз ету.
Ел бойынша барлығы 161 әуежай, автовокзал және автостанция атауы мемлекеттік тіл нормаларына сәйкестендіріліп, 21 нысанға жаңа атау беріледі.
Атап айтқанда, Қашқадария облысындағы «Муборак» автостанциясы Muborak деп, Әндіжан облысындағы «Эски Марказ» автостанциясы Eskimarkaz деп, ал «Абу-Сахий» автостанциясы Abu Saxiy деп қайта аталады.
Ташкент қаласындағы «Ташкент – Восточный» әуежайы Toshkent-Humo атауын алады, ал «Бобуршох» автостанциясы Vodiy yo’li деп өзгертіледі.
Хорезм облысындағы «Ургенч» автостанциясы O‘zbekiston деп, Навоий облысындағы «Кармана» автовокзалы Navoiy деп аталады.
Бұған дейін хабарланғандай, биылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын және тұрғын емес ғимараттарды салу кезінде нысан атауы мемлекеттік тілде көрсетілуі тиіс. Бұл жөніндегі тиісті үкімет қаулысы өткен жылдың қазан айында қабылданған.