Павлодар қаласындағы 6679 әскери бөлімінде қайғылы оқиға орын алды. Алдын ала мәліметтер бойынша, келісімшарт негізінде қызмет атқаратын әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан оқ атып, оқиға орнында қаза тапқан, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға салдарынан тағы бір келісімшарттағы әскери қызметші жарақат алды. Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
ҚР Ішкі істер министрлігі аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Оқиға кезінде тағы бір келісімшарттағы әскери қызметші жарақат алды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Зардап шеккен азаматқа қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Тергеу барысы Ішкі істер министрлігі Әскери-тергеу департаментінің бақылауында», — деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жарақат алған әскери қызметшінің жағдайы ауыр.
«2001 жылы туған науқас Павлодар қалалық №1 ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр, тұрақты. Барлық қажетті емдік шаралар жүргізілуде», — деп хабарлады өңірлік денсаулық сақтау басқармасы.
Алдын ала деректерге сәйкес, оқиға 15 сәуір күні шамамен сағат 18:40-та болған. Telegram-дағы kerek.pv арнасының мәліметінше, Ұлттық ұланның келісімшарттағы 21 жастағы ефрейторы қызметтесі – 2001 жылы туған сарбазды абайсызда тізесінен атып алған. Оқиға автозак ішінде, әскери қызметшілер сот күзетінен қайтып келе жатқан кезде болған.
Арнаның хабарлауынша, жараланған әріптесін көргеннен кейін ефрейтор күйзеліске түсіп, өз-өзіне оқ атқан. Екі әскери қызметші де Павлодар қаласының тұрғындары болған.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде курсанттың өліміне байланысты екі әскери қызметкер сотталған еді.