Петропавлда ер адамды әйелін қатыгездікпен ұрып-соғып, өз балаларына дұрыс қарамағаны үшін айыптады. Ол жылдар бойы жұбайын қинап, жүре алмайтын деңгейге дейін жеткізген. Бұл туралы Stan.kz сайтына сілтеп Malim.kz хабарлайды.
Бұл туралы көп балалы ананың басынан өткен зорлық жайлы хабар "НеМолчи.kz" қорының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Қордың мәліметінше, Петропавл тұрғыны көмек сұрап, туысы атынан хабарласқан.
"Әйел бірнеше жыл бойы күйеуінің зорлық-зомбылығына ұшырап келген. Сол соққылардың салдарынан ол бірнеше ота жасатқан, кейін басына трепанация жасалды. Бірақ күйеуі оны ұруын тоқтатпаған. Әйел есінен танып, құлап қала беретін болған. Ақыры бір күні аяқтары істемей қалған", – делінген қордың жазбасында.
Қазір ол анасымен бірге тұрады, жүре алмайды және оған күтім қажет. Әйелдің бес баласы күйеуінің қолында қалған. Туыстары ең кішкентай баланың қайда екенін білмей уайымдап отыр. Ер адам сәбиді көрсетпейді, оның жағдайы туралы ештеңе айтпайды.
"Әкесі жұмыс істемейді, балаларды өз бетімен қалдырған. Анасының жәрдемақы карточкасын тартып алған. Оның әлеуметтік желіде қыздарымен түскен видеолары бар. Онда ол өзін өте агрессивті ұстайды", – деді қор өкілдері.
Кей видеоларда ер адам әйелдер іш киімінде оғаш қылық көрсеткен. Қор видео скриншоттарын полицияға беріп, отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, балалардың жағдайын тексеруді және ер адамды сотқа дейін қамауда ұстауды сұрады. Кейін Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті оқиға бойынша тексеру жүргізген.
"Полиция мен қамқоршылық органдары отбасының тұрмыс жағдайын тексерді. 4 пен 17 жас аралығындағы балалармен және көршілерімен сөйлесті. Анасының қай жерде тұратыны анықталды", – деді полиция өкілдері.
Әйел күйеуінің әрекетіне байланысты арыз жазған. Ер адам уақытша қамауға алынып, әкімшілік іс қозғалды. Балаларды анасына қайтарды.
Қамқоршылық органдары балаларды уақытша кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына (ЦАН) орналастырады. Ең кішісі балабақшаға бара алады. Ал отбасыға психологтардың көмегі көрсетіледі.
"Кеше балаларды әжесінің үйіне апарды, қазір анасымен бірге. Балалар анасын көріп қатты қуанды, бірақ болған оқиғадан қатты шошыған. Анасы мен балалар полицияға жауап беріп, зорлық-зомбылық туралы айтты. Әке тек әйелін емес, балаларды да ұрып келген. Енді сараптамалар тағайындалып, фактілер расталса, күйеуіне айып тағылмақ", – деді қор өкілдері.