АҚШ Ресейді атқылауға рұқсат берді. Әлем ақпараты не дейді?
«Мен Украина біз берген қаруды тек жебелерді тоқтату үшін ғана емес, садақшыларды өлтіру үшін де пайдалана алуы керек деп бірнеше рет айттым»
Фото: ВВС
АҚШ Президенті Джо Байдан мерзімі аяқталар тұста Киевтің тілегін орындады – ATACMS баллистикалық-тактикалық зымырандарымен Ресей жеріне соққы жасауға рұқсат берді дейді ВВС. Ақүйдің бұл шешімі туралы әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр.
Кремль бұл ақпарат расталса, «АҚШ-тың қақтығысқа араласуының нақты көрінісі» болатынын мәлімдеді.
Байден мұндай шешімді Солтүстік Корея әскерлерінің Курск аймағында ұрысқа кіріскені үшін жауап ретінде қабылдаған. Пхеньянның алдағы уақытта Ресейге көмектесу мақсатында тағы да қосымша әскер жіберу мүмкіндігін болдырмау үшін Байден әкімшілігі осындай қадамға барған.
ATACMS – HIMARS қондырғыларынан ұшырылатын тактикалық баллистикалық зымыран. Олар 305 километрге дейін ұша алады. Осы уақытқа дейін АҚШ соғысты шиеленістіруден сақсынып, Ресей аумағына зымыранмен соққы жасауға рұқсат бермеген.
Сарапшылар не дейді?
Батыстың кейбір сарапшылары бұл шешімнің соғысқа айтарлықтай ықпалы болмайды деп болжайды. «Бұл Украинаны қолдайтынын көрсету үшін жасалған символдық шешім. Енді Ресейдің соғысқа жұмсайтын шығыны артады», – деген аты-жөнін атамаған бір дипломат.
Карнеги қорының әскери сарапшысы Майкл Кофман Washington Post газетіне бұл рұқсаттың Украинаның тамыз айында басып алған Курск аймағының бір бөлігін қорғауына септесетінін айтқан.
Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі күні кешке: «Қазір бұқаралық ақпарат құралдарының көпшілігі тиісті шаралар қабылдауға рұқсат алдық деп жазып жатыр. Бірақ соққылар сөзбен шешілмейді. Мұндай нәрселер жарияланбайды. Зымырандар өз күшін көрсетеді. Міндетті түрде», – деген.
АҚШ-тың НАТО-дағы бұрынғы тұрақты өкілі және Дональд Трамптың бірінші әкімшілігіндегі Украина бойынша бұрынғы арнайы өкілі Курт Волкер Би-Би-Сиге: «Мұндай шешімді жария ету қателік. Бұл Ресейді Украинаның болашақтағы ықтимал шабуылдары туралы алдын ала хабардар етеді», – деп, шешімнің айтарлықтай өзгеріс әкелмейтінін білдірген. Оның айтуынша, Америка әлі де болса Ресейдің «қитығына» тиюден жасқанады.
Өйткені, Ресей президенті Владимир Путин қыркүйектің 12-сі күні Ресей аумағына зымыранмен соққы беру НАТО-ның соғысқа тікелей араласқанын білдіреді деген болатын. Путиннің логикасына сәйкес, мұндай зымырандар спутник арқылы басқарылады, ал Украинаның өз спутниктері жоқ. Зымырандар НАТО елдерінің спутниктерін пайдаланады. Сол арқылы өз бағытын анықтайды.
Көптеген әскери бақылаушылар Ресей аумағына зымыранмен соққы беруге рұқсат Украинаның қорғанысын сақтауға көмектесуі мүмкін болса да, соғысқа түбегейлі бетбұрыс әкелмейді деп санайды.
CNN шолушысы АҚШ Украинаға соғыс барысын өзгертетіндей жеткілікті зымыран бермейді деп есептейді. Барак Обаманың кезінде Америка Қорғаныс министрлігінің Ресей және Украинамен қарым-қатынасына жауапты болған Эвелин Фаркастің да ойы осыған саяды.
Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Жозеп Боррелл Еуроодақ мүшелері Ресей территориясына соққы беру үшін Украинаға ұзақ қашықтыққа жететін қаруды қолдануға рұқсат беретініне сенімді.
«Мен Украина біз берген қаруды тек жебелерді тоқтату үшін ғана емес, садақшыларды өлтіру үшін де пайдалана алуы керек деп бірнеше рет айттым», – деді Боррелл Брюссельде Еуроодақ сыртқы істер министрлерімен кездесу алдында.
Ол Reuters-ке: «Мен Ресей аумағына соққы жасау қажет деп ойлаймын. Бұл туралы тағы да талқылайтынымызға сенімдімін. Мүше мемлекеттер мұнымен келіседі деп үміттенемін», – деп комментарий берген.
Польша президенті Анджей Дуда Байденнің Украинаға ұзақ қашықтықтағы қаруды қолдануға рұқсат беруі соғыстағы шешуші қадам болуы мүмкін деді.
Кремльдің реакциясы қандай?
Кремль, өз кезегінде, Байденнің ATACMS зымырандарымен Ресей аумағын ату туралы шешімін «айтарлықтай жаңа ситуация» деп атады.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге: «Егер мұндай шешім шынымен қабылданып, Киев режиміне айтылғаны рас болса, бұл шиеленістің жаңа раунды басталды деген сөз және АҚШ-тың осы қақтығысқа араласуының жаңа деңгейі», – деген.
Песков Путиннің осы тақырыпта қыркүйек айында мәлімдеме жасағанын және қатаң жауап болатынын ескерткенін еске салды.
«Бұл зымырандық жүйелерді ұшыру миссиясы тек НАТО елдерінің әскери қызметкерлерінің ғана қолынан келеді. Украина әскерилері мұны істей алмайды. Егер шешім қабылданса, бұл НАТО-ға кіретін АҚШ, Еуропа елдерінің Украинадағы соғысқа тікелей қатысуын білдіреді. Сондай-ақ, НАТО елдерінің бәрі бірігіп Ресеймен соғысып жатқанының айқын дәлелі болмақ. Біз қауіпке сай тиісті шешімдер қабылдаймыз», – деген болатын Путин. Ол қандай шешім қабылдайтынын айтпаған.