Астана экономикалық форумы әлемдік мәселелерді талқылайды

Жаһан экономикасының ­өзекті мәселелерін талқылап, оларды шешудің төте жолдарын қарастырмақ

Malim Админ

  • 07.06.2023

Жаһан жұртының басын қосатын Астана экономикалық форумы осымен 16-шы рет өткелі отыр. «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында» тақырыбында ұйымдастырылатын жиын 8-9 маусым күндері әлемнің танымал ­ғалым­дары, экономистері және саясаткер­­ле­рі­нің қатысуымен жаһан экономикасының ­өзекті мәселелерін талқылап, оларды шешудің төте жолдарын қарастырмақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өттін дәстүрлі жиын мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, экономикалық және саяси байланыстарды нығайтуды көздейді. Сондай-ақ, жалпыға ортақ сын-қатерлерден тізе қосып, бірлесіп шығу – негізгі меже. Бұл жолы әлемнің түкпір-түкпірінен 1000-нан астам үздік сарапшылар бас қосады. Шетелдік үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттары Астанада бір арнаға тоғысады. 

 

ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, форумның көтерер жүгі ауыр.  «Жиында әлем елдері үшін аса маңызды тақырыптар талқыланады. Атап айтсақ азық-түлік қауіпсіздігі, су тапшылығы, энергетика мен экология саласындағы қордаланған проблемаларды бірлесе шешу жолдары, инвестиция тарту мәселелері қозғалады. Форум аясында шетелдік инвесторлар кеңесі және Astana Finance Days ұйымдастырылмақ. Жаңа форматтағы Астана халықаралық форумы жаһандық сын қатерлердің ортақ шешімдерін ойласуға  бағытталған. Бұл шара тиімді әрі беделді және Еуразиядағы басты диалог алаңдарының бірі. Оның мәртебесі шақырылған спикерлер мен делегаттардың деңгейінен көрінеді. Мемлекет және үкімет басшылары, жетекші әлемдік сарапшылар мен ірі халықаралық ұйымдардың басшылары, сыртқы саясат пен халықаралық қауіпсіздік, даму мен тұрақталық, энергетика мен климаттың өзгеруі, экономика және қаржы мәселелерін талқылайды.

Қатысушылар екі күн бойы геосаяси жағдайлардың  шиеленісуіне және мемлекетаралық ынтымақтастықтың дәстүрлі үлгілерінің түбегейлі өзгеруіне байланысты сын қатерлерге жауап іздейді. Форум алаңынла әлем спикерлерінің қатысуымен 40-қа жуық іс шара өтеді. Панельдік сессиялар, бейресми пікірталастар, конференциялар болады. Осы ретте халықаралық форум қазақстандықтарға не береді деген орынды сұрақ туындайды.

Аталмыш сұраққа министр Әлібек Қуантыров жауап берді.  «Бұл ең алдымен инвестициялық ахуалдың жақсаруына ықпал етеді. Елге тартылатын шетелдік инвестицияның, экономиканың дамуына тигізер септігі мол болмақ. Сондай-ақ туристік әлеуетті арттырып, Қазақстан үшін тиімді экономикалық саясатты қалыптастырады».

Қазақстан Үкіметі ұйымдастырылған іс-шара Экспо Конгрес орталығында өтеді.  Айта кету керек, бұл форум  2008 жылы әлемдегі қаржы-экономикалық дағдарыстың екпінін басуға керекті тетіктерді іздестіру мақсатында  өткен еді. Форум сол уақытта  «Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы ретінде қалыптасты. Қазіргі таңда қауымдастық жаһанның 120 елі өкілдерінің басын біріктіріп отыр.