Ахметовсіз қалған Байахметовті Көшербаев «көшіре» ме? 

Не де болса, осы соңғы қадамның бір кілтипаны бары анық

Олжас Қасым

  • 30.06.2023

Жақында Шығыс Қазақстан облысын 2014 жылдың қараша айынан 2023 жылдың маусым айына дейін армансыз басқарған Даниал Ахметов 69 жасқа толған соң президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қызметінен босатылды. Шығыста ғана емес, жалпы респбуликадағы облыс әкімдерінің ішінде бір орында ұзақ мерзім бойы тапжылмай отырудан рекорд жасаған Даниал Кенжетайұлының өзге де атқарған қызметтері жетіп артылады. Назарбаев командасынан қалған саясаткер саналатын оның кезінде бір рет Премьер –министр (2003 – 2007 жылдар) болғанын айтсақ та жеткілікті. Бірақ та ең қызығы оның қызметтегі карьерасының соңғы сатысында бір облысты 9 жыл басқарғандығында.

Даниал Ахметов туралы таңды таңға ұрып айтсақ та таусылмайтын тақырыптар көп. Соның ішінде оның аудандарға әкім тағайындауға келгенде «таңдай қақтыратын» тәсілі туралы тілге тиек еткенде ерекше көрінетін бір шенеунік бар. Ол – қазіргі күнде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысы қызметін атқарып отырған Бақытжан Байахметов. Жасы елуден енді асқан Байахметовтің өмір жолына үңілсеңіз тағдыры Ахметовтің алақанында болған кездері баршылық екенін байқау қиын емес. (Бәлкім оны Ахметов «алақанда аялап ұстады» десек дәлірек болар). Өйткені, басқа басшыларды қайдам, дәл осы Байахметов Даниал Кенжетайұлының дегенін екі етпейтін шенеунік болғандығын жұрт жақсы біледі. Әсіресе, оның өзінің туған жері –Абай облысы, Аягөз ауданының әкімі қызметін атқарғанда «артында қалдырған» істері көп. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауылдарға ауыз су тартуға бөлінген 2,5 млрд. теңгенің қаражатын құмға сіңген судай тып-типыл еткені туралы БАҚ беттерінде жеткілікті жазылды.  Алайда, Аягөз ауданын 2014 жылдың желтоқсанынан 2019 жылдың сәуіріне дейін басқарған оны Даниал Ахметов өзінің, яғни, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары етіп жоғарылатып әкетті. Ал, Аягөз ауылдарының халқы ауыз су тапшылығының азабын әлі күнге дейін тартып келеді.

Аягөздегі жерлестерін жерге қаратып, Даниал Ахметовтің жанынан «пана тапқан» Бақытжан Байахметов оның «оң қолы» қызметін атқарғанына екі жылдан асқан уақытта 2021 жылдың маусым айында Семей қаласының әкімі болып тағайындалды. Алайда, ол бұл қызметін бар-жоғы 1 жыл екі ай ғана атқарды. Бәлкім, Абай облысының жаңадан ашылғаны, Семей қаласының облыс орталығы болғанының әсері ме, оның қаладағы басшылық ықпалы көпшіліктің ойында қалған жоқ. Қызығы сол, әкімдік қызметтің қыр-сырын меңгерген әккілігімен әйгіленген Байахметов 2022 жылдың тамыз айында Абай облысынан сайланған сенат депутаты болып шыға келді. Қай қызметте қалай жүрсе де оның карьерасына Даниал Ахметовтің қолдауы ықпал еткені анық.

Сонымен, Астана төрінен бір-ақ шыққан  сенатор  Байахметов  Парламент төрінде ұзақ отырмады. 2023 жылдың 6 ақпанында Бақытжан Байахметов Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысы болып Ахметовтің жанына қайта оралды. Осы тұста жауабы жұмбақ бірнеше сұрақ туады: депутат  болып жоғарылап кеткен Байахметовтің Шығысқа қайта оралуына не түрткі болды?! Президент Тоқаевтың пәрменімен жаңадан ашылған облыс атынан барған сенатордың өкілеттілігінің жылға жетпей аяқталып қалғаны қалай?! Даниал Ахметов өзіне қайыра шақырып, аппарат басшысы етіп тағайындай салғанда оның сенаторлық пәрмені, азаматтық дәрмені жоқ па?! Жоқ, әлде, оның Ахметовтің айтқанынан шыға алмайтын шенеунік болғандығының бір дәлелі ме?! Әлде, оның Аягөз ауданының, Семей қаласының әкімі қызметтерін атқарғанда бюджет қаржысына қатысты ым-жымдары бір болғандықтан, Ахметовтің  ізін жасырудың амалын жасаған әрекеті ме?! Не де болса, осы соңғы қадамның бір кілтипаны бары анық.

Айтпақшы, Даниал Ахметовтің Семей қаласын дамытуға қатысты айтқан сөзі әлі күнге дейін ел есінен кетпей жүр. Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс XIV сессиясында айтқан сөзі әлеуметтік желіде жұрт наразылығын туғызған болатын.

«Семей өңіріне шамамен 354 млрд теңге шамасында инвестиция салынғанын атап өткім келеді.Тұрғын үй құрылысы, инженерлік-коммуналдық және жол-көлік инфрақұрылымы, білім беру және денсаулық сақтау салаларында бірқатар ірі жобалар іске асырылды. Өзекті экологиялық мәселені шешкен дюкерді жөндеу, елдегі алғашқы Радионуклидтік терапия бөлімшесі бар ядролық медицина орталығын іске қосу, Қарағайлы жаңа шағын ауданын, көп бейінді спорттық-мәдени кешенін салу және әуежайды қайта жаңарту тағы басқалары табысты мысал бола алады. Жылдар бойы мәселелері қордаланған Семей қаласы бүгінде танымастай өзгерді», - деген болатын Даниал Ахметов.  

Егер бұл сессияның 2022 жылдың сәуір айында өткенін ескерсек, сол кездегі Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов болғандығы көп жайдан хабар берсе керек.

Айтпақшы, Бақытжан Байахметов қала әкімі болып тұрған тұста «Хабар 24» арнасының «Акимы» бағдарламасына берген сұхбатында семейліктердің орташа жалақысы 200 мың теңгеге дейін баратынын айтып таңқалдырған болатын. Сол кезде Семей әкімінің бұл сөзі қисынға келмейтіндігін, орташа жалақы 100 мыңнан әрең асатындығын айтып қала тұрғындары жаппай шулаған еді.

Сонымен қызмет карьерасының соңғы сатысындай көрінетін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысы қызметінде отырған Байахметов әрі қарай бұл қызметін жалғастыра ала  ма?!.. Өйткені, бұрынғыдай арқа сүйейтін Даниал Ахметов «көкесі» қызметін тапсырып жөніне кетті. Оның орнына тағайындалған Ермек Көшербаев та көп кешікпей өз командасын түгендей бастайтыны анық. Тап сол кезде кадрлық саясаттың тізгінін ұстап отырған Бақытжан Байахметовті орнында қалдырудың жайы қалай болар екен?! Ең қызығы сол болып тұр.

 

Байланысты жаналықтар

Депутат Хасан Қасымбаевпен туыстығы бар екенін растады

07.11.2024

Оқушыларына дәретханада «понятие» туралы айтқан семейлік мұғалім жұмыстан қуылды

19.10.2024

Азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту туралы заңға түзетулер енгізілді

17.10.2024

Аягөз қаласы жылусыз қалды

17.10.2024

Депутат TikTok-ты шектеуді немесе бұғаттап тастауды ұсынды

03.10.2024

Семейде орман ағаштары жымқырылған

21.09.2024
MalimBlocks
Депутат Хасан Қасымбаевпен туыстығы бар екенін растады

Оқушыларына дәретханада «понятие» туралы айтқан семейлік мұғалім жұмыстан қуылды

Сондай-ақ, «Бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған

Азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту туралы заңға түзетулер енгізілді

Аягөз қаласы жылусыз қалды

Тұрғын үйлер жылуға 15 қазанда қосылған

Депутат TikTok-ты шектеуді немесе бұғаттап тастауды ұсынды

Семейде орман ағаштары жымқырылған

Бүгінде жауапты тұлға анықталған