«Cырттан кадр әкелгіш» Тоғжанов - Ақтөбе облысының әкімі

Өңірде автомобиль жолдары сапасын жақсартамын дейді

Malim Админ

  • 31.08.2022

Бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары болған  Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды.   

Ералы Тоғжанов бүгін Ақтөбе облыстық мәслихат  депутаттарының жиналысында тағайындалды.  Онымен бірге әкімдікке  кандидат болып  Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров түсті. Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша 160 депутаттың 104-і Ералы Тоғжановтың кандидатурасына дауыс берді.

Кандидат Ералы Тоғжанов облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін арттырып, кадр дайындау жұмысына баса мән беретінін айтты.

Сонымен бірге туристік әлеуетті дамыту жобаларын ұсынды. Әрі өңірде автомобиль жолдары сапасын жақсарту жобасын айтты.

Осылайша Ералы Тоғжанов Тоқаевтың Жарлығымен Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды.  

Айта кетейік, ол 1963 жылғы 13 мамырда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол бұған дейін  Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, Әділет министрлігінің Дін істері жөніндегі комитет төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігінде, Маңғыстау облысының әкімі қызметтерін атқарған. 

Айтпақшы, Тоғжанов облыс әкімі болғанда «сырттан кадр әкелгіш» деп жиі сынға қалғаны есімізде. 50-ге жуық адамды шеттен алдырып, олардың пәтеріне мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бөлгені бар. Оның соңы халықтың наразылығына ұласқанын білеміз.

Маңғыстау облысын басқарғанда жергілікті жұрт  «сылдыр сөздің құдайы» атандырған Тоғжанов ақтөбеліктерді қуанта ала ма?  Оны уақытында көрерміз.